Қауіпсіз, ашық, ақылды қала: цифрландыру бағытында 2025 жылы Астанада қандай жұмыстар жүргізілді

Қауіпсіз, ашық, ақылды қала: цифрландыру бағытында 2025 жылы Астанада қандай жұмыстар жүргізілді
Фото: Астана әкімдігі

Астанада цифрландыру саласындағы мемлекеттік саясат пен жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмысы қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы бағытта өткен жылы қандай жұмыстар атқарылды? Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасы басшысының орынбасары Бексұлтан Қуандық осы тақырыпты кеңінен тарқатты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, қаланың дамуы «Ақылды қалалардың» Эталондық стандарты мен цифрлық трансформацияның ұлттық басымдықтарына сәйкес жүргізіліп жатыр.

«Жұмыс үш стратегиялық бағыт бойынша, яғни «Қауіпсіз қала», «Ашық қала» және «Ақылды қала» бағыттары негізінде жүргізілуде. Мұнда технологияларды қолданудың практикалық нәтижесі мен тұрғындарға нақты әсер көрсетуге басымдық берілген. 2025 жылдан бастап мемлекеттік-жеке әріптестік аясында Астанада жасанды интеллект қолдану арқылы 22 мыңнан астам бейнекамераны орнату және интеграциялау жобасы жүзеге асырылды. Қолданылатын технологияларға бет-әлпетті тану, қалдырылған заттарды анықтау және адамдардың жиналуын қадағалау кіреді. Жобаның негізгі элементі – Біріктірілген ахуалдық орталық, ол қаланың барлық аймағынан деректер жинайды: төтенше шақырулардан бастап қауіпсіздік жүйелерінің сигналдарына дейін. Бұл тек оқиғаларды тіркеумен шектелмей, қызметтердің жұмысын жедел үйлестіруге мүмкіндік береді, мысалы, қоқыс алаңында өрттің алдын алу немесе саябақта адасқан баланы іздеу», - деді басқарма басшысының орынбасары.

Спикердің сөзінше, 2025 жылы полиция департаментінің ахуалдық орталығына 11 мыңнан астам видеоағын берілді. Оған көпшілік объектілердегі және мектептердегі камералар кіреді.

«Сонымен қатар медициналық персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жобасы жүзеге асырылды – 100 жедел жәрдем көлігіне 400 камера орнатылды. Астана тұрғындармен өзара әрекеттесу үшін цифрлық арналары дамытылуда. Оларға iKomek 109, QalaQyzmet, Birge және Smart Astana қосымшалары кіреді, олар қызметтерді алу, өтініш беру және қала қызметтерімен ыңғайлы форматта байланысу мүмкіндігін береді», - деді ол.

Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының мәліметінше,  iKomek 109 байланыс орталығы 2025 жылы шамамен 2,5 млн өтінішті өңдеген. Оның 83 пайызы алғашқы қоңыраудан шешілген.

Ал QalaQyzmet порталында 241 мыңнан астам қызмет көрсетілген.

Birge платформасында 45 мыңнан астам қолданушы тіркеліп, әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері бойынша 76 мың өтініш берілген.

«Smart Astana мобильді қосымшасы 70-тен астам қалалық қызметті біріктіреді және 30 мыңнан астам белсенді пайдаланушы тіркелді. Ең көп қолданылатын қызметтер – «Есірткіге жол жоқ» және «ИнваТакси». Астанада инсульт диагнозын қою уақытын 5 минутқа дейін қысқартатын Cerebra AI жүйесі енгізілді. Сондай-ақ 23 көппәтерлі үйдің құрылыс және жөндеу процестері цифрлық мониторинг жүйесі арқылы бақыланды», - деді Бексұлтан Қуандық.

2025 жылы елордада әскерге шақырылатындарды медициналық тексеру процесі толық цифрлық форматқа көшірілді. Бұл жүйеден 10 мыңнан астам адам өткен.

Ал байланыс сапасын арттыру үшін 16 тұрғын аудан және 12 мыңнан астам жеке үй оптикалық желілерге қосылған. Бүгінде 377 5G базалық станциясы жұмыс істейді.

«Астана қаласының жасанды интеллекті дамыту жөніндегі кеңесі ІТ және ЖИ дамуының негізгі бағыттарын анықтау және пилоттық жобаларды масштабтау бойынша жұмысын бастады. Стартаптарды қолдаудың маңызды құралы – Astana Innovations Accelerator және Meta Llama Accelerator акселерациялық бағдарламалары. Сонымен қатар жасөспірімдер арасында STEM бағыттары белсенді дамытылып келеді. 2025 жылы халықаралық «Роботтар бәсекесі» байқауына 6 елден 85 команда қатысты. Астананың командалары Барселонадағы халықаралық олимпиадада 11 медаль жеңіп алды», – деп хабарлады спикер.

Сондай-ақ ол 2026 жылға арналған жоспарды жариялады.

Оның сөзінше, тұрғындарға ыңғайлы цифрлық және ЖИ шешімдерін дамыту; қаланың қауіпсіздігін аналитика және технология арқылы арттыру; цифрлық шешімдерді жылдам масштабтау үшін тұрақты инновациялық экожүйені қалыптастыру2026 жылғы басты басымдықтар қатарында тұр.

Айта кетейік, биыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған болатын.

Бұған дейін Мемлекет басшысының Қазақстан цифрландыруды үдемелі дамыту жолына түскені туралы айтқанын жазған едік.