Қазақстан цифрландыруды үдемелі дамыту жолына түсті – Тоқаев
Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Кез келген мемлекеттің күші – халықта. Азаматтарымыздың жасампаздық қуатының арқасында еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, орасан зор табысқа жетеріне кәміл сенемін.
Өздеріңіз білесіздер, мен түрлі жоспар құрып, стратегиялар жасауды құптай бермеймін. Себебі бос қиялға беріліп, құрғақ уәде беруге түбегейлі қарсымын. Болашаққа бағдар жасап, жоспар құрғанда өмірге шынайы көзқараспен қараған жөн деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент жаһандық цифрлық экономика жағдайында елдер халқының саны бұдан былай маңызды мәнге ие болмайтынын, жасанды интеллект құрған шындыққа бейімделе алған және осындай шындықты қалыптастыру процесіне белсенді, объективті қатысатын ұлттардың табысты болатынын, сондықтан Қазақстан цифрландыруды үдемелі дамыту және қоғамдық әрі жеке өмірдің барлық саласына жасанды интеллектті енгізу жолына түскенін атап өтті.
«Біз білім, ғылым және жоғары технология саласына қомақты инвестиция салатын болдық. Себебі адам капиталының сапасын арттыру – айрықша маңызды міндет. Бұл, әсіресе, ел дамуының қазіргідей тарихи, бетбұрысты кезеңінде халқымыздың болашағына тікелей әсерін тигізеді. Ең бастысы – бұл жоспарлар жұртты құр уәдемен жарылқайтын тұсаукесер рәсімдері мен форумдардың көлеңкесінде қалып қоймауы керек. Біз пиар-акциялар мен көз алдайтын жалған ілгерілеуге емес, нақты жетістікке ұмтылуымыз қажет.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет.
Сондықтан мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс. Атап айтқанда, шешім қабылдау мерзімін қысқартуға, еңбек өнімділігін арттыруға және қызмет сапасын жақсартуға оң ықпал етуі керек», - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президенттің мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайтынын айтқанын жаздық.