Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды

Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент өткенді білу және болашаққа сенімді көзқарас еліміздің үдемелі ілгерілеуінің және белсенді патриотизмнің қалыптасуының кепілі екенін атап өтті.

«Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ.

Қазір қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс.

Дегенмен ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керек. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет», - деді Президент.

Мемлекет басшысы туымызды танудың артында отандық спортшылар мен музыканттардың жеңістері, ғалымдардың еңбектері, кәсіпкерлердің жетістіктері жатқанын, бұл жетістіктер бүкіл елдің меншігіне айналаып, оның әлемдегі беделін нығайтатынын айтты.

«Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президенттің мәдениет саласында бұрын-соңды болмаған ауқымды шаруалардың қолға алынатынын айтқанын жазғанбыз.