Шиелі–Түркістан аралығында жолаушылар пойызының бір вагоны рельстен шығып кетті
Шиелі–Түркістан аралығында «Саратов–Алматы» бағытымен қатынайтын жолаушылар пойызының бір вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz «Жолаушылар тасымалы» компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасвп.
«16 маусым күні сағат 12:49-да Шиелі–Түркістан аралығында №7/8 «Саратов–Алматы» бағытымен қатынайтын жолаушылар пойызының бір вагонының доңғалақ жұбы техникалық себептерге байланысты рельстен шығып кетті. Оқиға орнында жолаушыларға медициналық көмек ұсынылды, алайда жолаушылар одан бас тартты», делінген хабарламада.
Ұлттық тасымалдаушы компанияның мәлімдеуінше, қозғалысты қалпына келтіру және оқиғаның салдарын жою үшін арнайы пойыз жедел жөнелтілді. Жолаушыларды межелі жеріне жеткізу үшін қосымша пойыз тағайындалды. Оларды отырғызу және жөнелту жұмыстары жедел ұйымдастырылды.
«Жолаушылар тасымалы» компаниясы қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрады.
Еске сала кетсек, жаздың соңына дейін «ҚТЖ» пойыздары спутник интернетімен қамтамасыз етіледі.