Қайтарылған активтер: Абай облысында сумен жабдықтау желілері салынады


Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елге қайтарылған заңсыз иемденілген активтер қаражаты есебінен елімізде әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдар салу жұмыстары жүзеге асуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан Абай облысында сумен жабдықтау желілерін салуға 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
Өңірде барлығы 21 жоба жүзеге асырылуда, оның жетеуі – Семей қаласында. Сумен қамту жұмыстары ауылдық аумақтарды да қамтиды, атап айтқанда, облыстың Бородулиха, Үржар және Абай аудандарында сумен жабдықтау желілері жүргізілетін болады.
«Бұл жобаларды жүзеге асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, коммуналдық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған. Нысандарды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр»,- делінген хабарламада.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректеріне сәйкес, сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізу Семей қаласында 95,5%-ды, Абай облысының ауылдарында 95%-ды құрайды.