«Мыңжылдық аллеясы» халықаралық The Pineapples Awards премиясының шорт-листі қатарына енді
Ландшафттық бас жоспар «Мыңжылдық аллеясы» International Future Place номинациясы бойынша The Pineapples Awards 2025 беделді сәулет премиясына ұсынылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астана қаласы Урбанистика орталығының мәліметінше, бұл марапат ыңғайлы, тұрақты және инновациялық қалалық кеңістіктерді құруға бағытталған озық урбанистикалық жобаларды атап өтеді.
The Pineapples Awards – қала құрылысы, сәулет және ландшафт дизайны саласындағы әлемдегі жетекші марапаттардың бірі. Шорт-листке ену – біздің маңызды жетістігіміз, өйткені жобалар саладағы жетекші сарапшылардан құралған беделді халықаралық қазылар алқасы тарапынан бағаланады.
International Future Place номинациясындағы финалистер:
-Найроби орталық вокзалы, Кения
-«Мыңжылдық аллеясы», Астана, Қазақстан
-Дэвид Кромби саябағын жандандыру, Торонто, Канада
-Даунсвью құрылыс жоспары, Торонто, Канада
Жоба аясында 1020 гектар аумақты қамтитын ландшафттық бас жоспар әзірленді. Оның негізгі элементі – ені 80 метр, ұзындығы 4 км болатын желілік парк, ол «Қазақ елі» алаңы мен «Нұрлы жол» вокзалын байланыстырады.
Жоба экологиялық тұрақтылық, жаяу жүргіншілерге жайлылық және қалалық ландшафтқа интеграция қағидаларына негізделе отырып жасалған. Кешенді жоспарлау аясында автономды дренаж жүйесін құру, жасыл аймақтарды көбейту және ыңғайлы жаяу жүргінші бағыттарын қалыптастыру басты назарда болды.
Конкурстың финалы 2025 жылы 25-27 ақпанда өтеді, сол кезде жеңімпаздар жарияланады. Шорт-листке ену – жобаның маңыздылығын мойындаудың белгісі және тұрақты әрі ыңғайлы қалалық орта қалыптастыруға бағытталған заманауи қағидаттардың халықаралық кәсіби қауымдастық тарапынан қолдау тауып, болашақ қала құрылысына бағдар бола алатынын көрсетеді.
Жобаны «Астанагенплан» Урбанистика орталығы және «LDA Design» бірлесіп әзірлеген.