Елордалық мектепте инклюзияны қолдау кабинеті ашылды
Бүгін елордадағы №32 мектеп-гимназияда «Самұрық-Қазына» қорының және Астана қаласы Білім басқармасының қолдауымен инклюзияны қолдау кабинеті ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Кабинет қор ұйымдастырған Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафонынан жиналған қаражатқа жабдықталған.
№32 мектеп-гимназия директоры Гүлшат Байтастың сөзінше, мектепте 30-дан астам оқушы инклюзивті білім алуды қажет етеді.
«Жаңадан ашылған инклюзияны қолдау кабинеті бірінші қабатта орналасқан. Жалпы біздің мектепте 3 968 бала білім алса, оның ішінде 30-дан астам оқушы инклюзивті білім алуды қажет етеді. Кабинеттің аумағы шамамен 60 шаршы метр. Балалармен психолог, дефектолог және екі логопед жұмыс істейтін болады. Одан бөлек 9 педагог-ассистент бар. Бұл мамандар арнайы оқытудан өтті. Бүгін мектептегі ерекше балалар білім және дамыту бағдарламаларын өз қатарластарымен бірге меңгеруге мүмкіндік алды», - дейді мектеп директоры.
Инклюзивті екі сынып осы саладағы сарапшылардың әзірлеген жаңа моделімен дайындалған. Атап айтқанда, Open Space форматында дефектолог, логопед, психолог және қыш бұйымдарын жасау аймақтары, емдік дене шынықтыру бойынша жеке кабинеті бар.