Референдум-2026

Лауазымдарды қоса атқару және қоса жұмыс істеу: жұмыскер нені білуі керек

Бүгін, 11:52
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Лауазымдарды қоса атқару және қоса жұмыс істеу: жұмыскер нені білуі керек
Фото: Астана қаласы Коммуникациялар қызметі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов қалалық Коммуникациялар қызметінің алаңында лауазымдарды қоса атқару және қоса жұмыс істеу кезінде жұмыскерлердің құқықтары, еңбек шартын жасау тәртібі мен заңда көзделген кепілдіктер туралы түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Қазіргі жағдайда жұмыс берушілер өндірістік процестің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін лауазымдарды қоса атқаруды және қоса жұмыс істеуді жиі пайдаланады. Сонымен қатар мемлекеттік бақылау практикасы дәл осы салада еңбек заңнамасының талаптары жиі бұзылатынын көрсетеді: қосымша жұмыс жазбаша рәсімделмей орындалады, заңда көзделген қосымша ақы төленбейді, сондай-ақ жұмыс уақытының нормалары бұзылады.

Лауазымдарды қоса атқару мен қоса жұмыс істеудің айырмашылығы неде?

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 56) тармақшасына сәйкес, қоса жұмыс істеу – жұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында жеке еңбек шарты бойынша басқа тұрақты ақы төленетін жұмысты орындауы. Ол ішкі де, сыртқы да болуы мүмкін, бұл ретте міндетті түрде дербес еңбек шарты жасалады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 111-бабымен реттелетін лауазымдарды қоса атқару негізгі жұмыспен қатар белгіленген жұмыс уақыты шегінде қосымша жұмысты орындауды білдіреді. Мұндай жұмысқа тек жұмыскердің келісімімен ғана жол беріледі және ол міндетті түрде төленуге тиіс. Қосымша ақының мөлшері тараптардың келісімімен айқындалады.

Жұмыскерлердің негізгі кепілдіктері

Еңбек заңнамасы жұмыскердің келісімінсіз және тиісті рәсімдеусіз оған қосымша жұмысты жүктеуге жол бермейді. Әрбір қосымша еңбек функциясы жазбаша түрде рәсімделіп, ақы төленуге тиіс.

Жұмыс уақыты режимінің сақталуына ерекше назар аударылады. Қоса жұмыс істеу бойынша жұмыс ұзақтығы негізгі жұмыстан тыс тәулігіне төрт сағаттан аспауға, ал жалпы жұмыс уақытының ұзақтығы тәулігіне он екі сағаттан аспауға тиіс.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 92-бабына сәйкес қоса жұмыс істейтін жердегі жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмыс орны бойынша еңбек демалысымен бір мезгілде беріледі.

Ең көп таралған бұзушылықтар

Мемлекеттік бақылау практикасы көрсеткендей, ең көп таралған бұзушылықтарға қосымша жұмысты жазбаша рәсімдеудің болмауы, қосымша ақының төленбеуі, жұмыс уақытының рұқсат етілген ұзақтығынан асып кету және қоса жұмыс істеу кезінде жеке еңбек шартының болмауы жатады. Осындай бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары орындалуы міндетті нұсқамалар береді, ал негіздер болған кезде кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тартады.

Жұмыс берушілер үшін жұмыскерлердің құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және жауапкершілікке тартылмау мақсатында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау маңызды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабының 2-тармағында қоса жұмыс істейтін жұмыскермен жасалған еңбек шарты осы жұмыс негізгі жұмыс болатын жұмыскер қабылданған жағдайда тоқтатылуы мүмкін екені көзделген.

Жұмыскер нені есте сақтауы қажет?

Құжаттарға қол қою алдында олардың мазмұнымен мұқият танысу, қосымша жұмыстың жазбаша рәсімделуін талап ету және тиісті ақы алуға, сондай-ақ еңбек және демалыс режимінің сақталуына қатысты өз құқығын білу қажет. Еңбек құқықтары бұзылған жағдайда жұмыскер жұмыс берушіге, мемлекеттік еңбек инспекторына немесе сотқа жүгінуге құқылы.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің талаптарын лауазымдарды қоса атқару және қоса жұмыс істеу кезінде сақтау жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғаудың маңызды кепілі болып табылады. Еңбек қатынастарын заңды түрде ресімдеу, қосымша жұмысқа уақытылы ақы төлеу және жұмыс уақыты нормаларын сақтау әділ әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға ықпал етеді.