Еліміздегі Отбасын қолдау орталықтарында жас жұптарға тегін кеңес беріліп жатыр
Жаз мезгілінде Қазақстанда мыңдаған жас жұп отау құрып, жаңа өмірге қадам басады. Осы орайда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен Отбасын қолдау орталықтарында некеге дейін кеңес беру жұмысы белсенді жүргізілуде, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
«Орталық мамандары жас жұбайларға өзара түсіністікке, сыйластық пен жауапкершілікке негізделген берік отбасы құруға көмектеседі.
Отбасы құндылықтарын нығайту және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері Мемлекет басшысының айрықша назарында. Өйткені елдің тұрақтылығы мен қоғамның әл-ауқаты әр шаңырақтағы татулық пен берекеден басталады.
Бүгінде елімізде азаматтарға тегін құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін 160 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Өңірлерде мұндай орталықтар барлық қала мен ауданды қамтыған. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бірыңғай қалалық орталықтар қызмет көрсетеді», - делінген хабарламада.
Жыл басынан бері орталықтарға 30 мыңға жуық өтініш түскен. 24 мыңнан астам отбасыға кеңес беріліп, тағы 5 мыңға жуық отбасы тұрақты әлеуметтік қолдауға алыныпты.
Орталықтар әрбір отбасыға алғашқы өтініштен бастап мәселе толық шешілгенге дейін жан-жақты көмек көрсетеді. Мамандар отбасындағы қиындықтарды ерте анықтау үшін мобильді топтармен жұмыс істейді. Ал «FSM Social» цифрлық жүйесі өтініштерді жедел тіркеуге және жауапты мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуіне мүмкіндік береді.
Ұлттық комиссия үйлестіретін мұндай жүйелі әрі атаулы қолдау отбасыларға қажетті көмекті дер кезінде көрсетуге, олардың әл-ауқатын арттыруға және әрбір қазақстандық шаңырақтың келешегін нығайтуға бағытталған.