Бас көлік прокуратурасы мен университет көлік саласындағы ғылыми-практикалық ынтымақтастықты нығайтады
ҚР Бас көлік прокуроры Берік Жүйріктаевтың бастамасымен Бас көлік прокуратурасы мен Қазақстан-Британ техникалық университеті өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл құжат прокуратура органдарының практикалық тәжірибесі мен университеттің ғылыми-сараптамалық әлеуетін біріктіруге бағытталған ұзақ мерзімді серіктестіктің негізін қалайды. Серіктестіктің басты мақсаты - құқық қолдану практикасын жетілдіру, ғылыми зерттеулерді дамыту және көлік қауіпсіздігі саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізу.
Ынтымақтастық аясында ҚБТУ құрамындағы Қазақстан теңіз академиясының мүмкіндіктерін пайдалануға ерекше назар аударылады. Айта кетсек, бұл академия - Орталық Азиядағы теңіз саласы үшін халықаралық деңгейдегі мамандар даярлайтын жалғыз мамандандырылған оқу орны.
Академияның сараптамалық әлеуетін кеме қатынасы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су көлігін пайдалану, теңіз инфрақұрылымын дамыту мәселелерін қарастыру кезінде, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындауда қолдану жоспарлануда.
Бас көлік прокуроры Берік Жүйріктаев атап өткендей, бүгінгі таңда көлік саласында заңдылықты тиімді қамтамасыз ету ғылыми және сарапшылар қауымдастығымен тығыз іс-қимыл жасамайынша мүмкін емес. Мұндай ынтымақтастық өзекті міндеттерді шешуде заманауи тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді және қадағалау қызметін сараптамалық сүйемелдеудің сапасын арттырады.
Халықаралық көлік дәліздері белсенді кеңейіп, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытудағы Қазақстанның рөлі артып жатқан жағдайда бұл серіктестікті дамыту ерекше өзектілікке ие болып отыр.
Бірлескен жобаларды жүзеге асыру заңдылықты нығайтудың, көлік қауіпсіздігі деңгейін арттырудың және прокуратура органдарының қызметіне озық тәжірибелерді енгізудің қосымша құралына айналады.