Референдум-2026

Боксшы Ринат Мақсұтов: Спорт – зиянды әдеттерден қорғайтын ең мықты қалқан

Боксшы Ринат Мақсұтов: Спорт – зиянды әдеттерден қорғайтын ең мықты қалқан
Фото: Ринат Мақсұтовтың жеке мұрағатынан

Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттың рөлі ерекше. Кәсіби спортшылар жас ұрпаққа зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольдің денсаулыққа және спорттық жетістікке кері әсерін түсіндіруде маңызды рөл атқарады. Осы орайда Elordainfo.kz тілшісі боксшы, 22 жасқа дейінгілер арасындағы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, астаналық спортшы Ринат Мақсұтовпен жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуының алдын алу, спорттың тәрбиелік маңызы және жастарға берер кеңесі туралы сұхбаттасты.

- Сіздің ойыңызша, жасөспірімдер арасында алкогольдің таралуына қандай факторлар әсер етеді?

- Менің ойымша, жасөспірімдердің алкогольге әуестену қаупі өмірлік қиындықтарға, күйзеліске тап болған сәттерде артуы мүмкін. Себебі оларда алкоголь психологиялық мәселені шешуге көмектеседі деген жалған пікір кездеседі. Ал кейбір жастар алкогольді ересек болудың белгісі деп қате қабылдайды. Оның үстіне қатарластарының кері ықпалы әсер етуі ықтимал.

Сондықтан жастар арасында алкоголь ешқандай мәселені шешпейді, керісінше денсаулыққа зиян келтіріп, тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін кеңінен насихаттау керек. Сондай-ақ жасөспірімдерге қиын жағдайда жақын адамдар мен мамандардан қолдау сұрау өте маңызды екенін жеткізу керек.

- Кәсіби спортшы ретінде алкогольдің ағзаға және спорттық нәтижеге тигізетін зиянын қалай түсіндірер едіңіз?

- Алкоголь ағзаға айтарлықтай кері әсер тигізеді. Ол адамның күш-қуатын азайтып, қалпына келу процесін баяулатады және жаттығу мен жарыстағы нәтижеге теріс ықпал етеді. Сондықтан спортшы үшін дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды.

- Спортпен айналысу зиянды әдеттердің, соның ішінде алкогольге әуестенудің алдын алуға қалай көмектеседі?

- Спортпен тұрақты айналысатын адамдардың көпшілігі зиянды әдеттерден аулақ жүруге тырысады. Өйткені олар алкогольдің денсаулыққа ғана емес, спорттық көрсеткіштерге де кері әсер ететінін жақсы біледі. Спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және мақсатқа ұмтылуға тәрбиелейді.

- Бүгінде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауда спортшылар қандай рөл атқаруы керек деп ойлайсыз?

- Спортшылар жастарға үлгі болуы керек. Өздерінің өмір салтымен, тәртібімен және жетістіктерімен салауатты өмірдің артықшылықтарын көрсетсе, жастар да соларға еліктеп, дұрыс жолды таңдауға ұмтылады.

- Өз тәжірибеңізде спорттың арқасында өмірін жақсы жаққа өзгерткен жастарды кездестірдіңіз бе?

- Иә, ондай жастарды жиі кездестіремін. Менің ойымша, бұған дұрыс орта, нақты мақсат және спортқа деген қызығушылық себеп болады. Спорт олардың өмірін жақсы жаққа өзгертіп, зиянды әдеттерден аулақ болуына көмектеседі.

- Егер бір жасөспірім сізден «Неліктен алкогольден бас тарту керек?» деп сұраса, оған ең басты қандай кеңес берер едіңіз?

- Спорт – зиянды әдеттерден қорғайтын ең мықты қалқан. Мен оған ең алдымен денсаулықтың бәрінен қымбат екенін айтар едім. Алкоголь адамның денсаулығына, оқуына, спортына және болашақтағы жетістіктеріне кері әсер етеді. Сондықтан өз мақсатыңа жетуді ойласаң, салауатты өмір салтын таңдап, алкогольден бас тартқан дұрыс.