Референдум-2026

«МЕССИ жауған КҮН» немесе МЕССИ ЖЕҢІС ГОЛЫН қалай ТАСТАДЫ?!

«МЕССИ жауған КҮН» немесе МЕССИ ЖЕҢІС ГОЛЫН қалай ТАСТАДЫ?!
Фото: fifa.com

Elordainfo.kz сайтының футбол шолушысы Несіп Жүнісбайұлы әлем чемпионатының екінші жартылай финалында кездескен Англия мен Аргентина құрамалары арасындағы матчқа шолу жасады.

Мұнан бұрынғы күндізгі репортажымды «МЕССИ жауған КҮН» деп атап, Атлантаның көшелеріне симай кеткен «Мессилердің» суретін жариялап, он ауыз сөз жазғанмын. Сыртта жүріп, тек телефонмен репортаж жасау оңай емес, бір жерде суреттер бар, бір жерде видео қайталанып, бір жерде жазғандарым шашылып кетіпті.

Кешірім... Ол суреттерді бүгін қоса жариялаймын. Бұл Американы қойсашы, кеше ғана Майамиде ойын басталғанда Қазақстанда түнгі 12 еді, бүгін ауылдың түнгі 12-сінде Атлантада сағат түстен кейінгі 3-ті ғана көрсетіп тұрды. Бұл айту үшін айту емес, мұндай уақыт «билеп» тұратын елде әлем чемпионатында дұрыстап футбол ойнамақ түгілі, ел аралап жүріп, ас ішу оңай емес! Таңғы асыңды түсте ішіп, түскі асыңды кешке ішіп, кешкі асыңды қашан ішуді білмей жынды болатының секілді...  

Бұл жартылай финалдық ойынды ағылшындар жұлынып бастады. Содан 55-минутта әлгі мен мақтай беретін Гордон гол соққанша, Аргентина кімге тиісерін таппай, жөнсіз жүгірді де жүрді. Тек әлгі гол жон арқадан тиген дырау қамшы секілді болды ма – Аргентина допты ағылшындардан біржола тартып алды. Қалған 30 минөттегі аргентиналықтардың допты аяқтарына байлап жүрген көрсеткішін қараңыз: 90 минутта Англия допты 36% ұстаса, Аргентина 64% тепкілеген! Бұл ойында Норвегияның аузын артынан шығарған Беллингем тым көріне алмады. Кейн де риза қып қақпаға бір соқпады. Месси де қақпаға солақай «снарядтарды» боратқан жоқ. Бірақ ол тыныш жүріп бар ойынды алашадай тоқып берді.

Аргентинаның бірінші голының түлеп ұшқан ұясы Мессидің сол аяғы болатын.

Ал, Лаутаро Мартинес соққан жеңіс голын Месси ғұламалық қимылмен екі қорғаушыны бір-біріне соғып, кейін қалдырды да, оң аяғымен-ақ (!) қолмен лақтырғандай Мартинестің баспен соғар тұсына қалықтатып бере қойды: Мартинес те тарлан екен – бірге қарғыған екі қорғаушыдан басты бұрын сілтеді. Жеңіс добы торда тулап қалды!!!  

Ойын соңынан көзінен жас сорғалаған Лаутаро Мартинес былай деді:

«Сонау қарасирақ бала кезімде әкем алып берген бутсымен еліме қымбат бір гол соғармын деп жүруші едім – мына голым сол болды!»

Гол атаулыға ерлік жасадым деп емес, допты жәй тебе салғаным ғой деп жүретін Мессидің Мартинес соққан екінші доптан соң қос тізесін сындырып, көгалға отыра кетіп, бір минөт бойы (!) ессіз тойлауын мен бірінші рет көрдім. Бұрын соғылған допқа әйелі ұл тапқандай бұлай қуанғанын көрген емеспін. Кейіннен, ойын аяқталған соң, өзінің сол қылығына ұялғандай:

«Бұл жеңіс Аргентина құрамасына керек емес, БҰЛ ЖЕҢІС АРГЕНТИНА ХАЛҚЫНА керек!» деді.

Мұнан соң футболды қалай құдірет көрмейсің?! Ағылшындар жақсы ойнады. Соғылған голдарына дейінгі ойындарын айтамын. Одан соң олар сол бір доп басымдықты ұстап қаламыз деп қатты қателесті. Бапкері Т.Тухель де, шабуылшы Кейн де мұны мақұлдады. Сонау 1966-дан соң 60 жыл өткізіп барып, футбол тәжін киеміз бе деген ағылшындар бұл үміттерін тағы 60 жылға қалдырды. Футболдағы көзге көріне бермейтін НАМЫС деген қасиет жайлы Мессидің аттас бапкері Скалони айтты:

«Ел білмейді – Аргентинаның футбол жейдесін кидің бе: не жеңесің, не өлесің!».

Көп жанкүйер біле бермейтін бір нәрсе бар: ол менің Аргентина командасын жеңіліске қимай, әр жолғы сәуегейлік барысында жеңілдірмей алып шығып келе жатқаным. Тағы солай істеу үшін бір-ақ ойын қалды. Бірақ ол бір ойын 10 ойынға татитын тартысты матч. Содан алып шыға аламын ба? Тырысамын! Көмектесемін! Алладан сұраймын! Бұйыртса, Аргентина даңқты Бразилиядан кейін (1958, 1962) қатарынан екі рет әлем чемпионы атанған екінші ел болар. Бұған қылышын қайрап отырған Испания көнсе. Нью-Йорктің даңқты аренасында осы жолы футбол тарихында тұңғыш рет су жаңа Еуропа чемпионы мен одан да жаңа Оңтүстік Америка чемпионы кездеседі екен. Ал, көрейік – қара жердің қай пұшпағында допты дұрыс теуіп жүр екен?!!

АҚШ, Атланта, Джоржия штаты