Референдум-2026

Астанада жол белгісіне шығып билеген бойжеткен жауапқа тартылды

Бүгін, 11:29
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жол белгісіне шығып билеген бойжеткен жауапқа тартылды
Фото: видеодан скрин/police_astana

Астана полицейлері әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында қала тұрғынының жол белгісіне шығып, оның айналасында билеп жүрген бейнежазбасын анықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Ол бұл әрекетін әлеуметтік желідегі парақшаларына контент түсіру мақсатында жасаған.

Өз қылығы салдарынан қыз жол белгісіне зақым келтіруі мүмкін еді. Ол қалалық инфрақұрылым нысандарына немқұрайлы қарап, қоғамдық тәртіп пен жалпыға ортақ әдеп нормаларын елемеген.

«Құқық бұзушының жеке басы анықталды. Ол елорданың 23 жастағы тұрғыны болып шықты. Оған ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік жауапкершілік жүктелді», - делінген хабарламада.

Полиция танымал болуға, лайк пен қаралым жинауға деген ұмтылыс жауапкершіліктен босатпайтынын ескертеді. Кейбір азаматтар әсерлі контент жасау үшін ойланбай әрекет етіп, қоғамдық тәртіпті бұзады, қала мүлкіне зиян келтіреді және айналасындағыларға құрметсіздік танытады.

Мұндай фактілер анықталып, оларға заң аясында тиісті баға беріледі. Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға және кез келген құқыққа қайшы әрекет заңда белгіленген жауапкершілікке әкелетінін есте сақтауға шақырады.

Еске сала кетейік, елордалық саябақта кезекті профилактикалық рейд өтті.