Референдум-2026

Асфальттың беріктігі неге байланысты - ҚазАвтоЖол жолдың сапасы туралы

Бүгін, 20:05
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Асфальттың беріктігі неге байланысты - ҚазАвтоЖол жолдың сапасы туралы
Фото: ҚазАвтоЖол

Көпшілік жолдың сапасы тек қиыршық тас пен құмның сапасына байланысты деп ойлайды. Алайда іс жүзінде оларды біртұтас, берік және ұзақ қызмет ететін жабынға айналдыратын негізгі компонент битумды байланыстырғышқа байланысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚазАвтоЖол баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Битумды байланыстырғыш – бұл асфальт-бетон қоспасының ең маңызды құрамдас бөлігі. Ол минералды материалдардың (қиыршық тас, құм, минералды ұнтақ) барлық түйіршіктерін біріктіріп, оларды біртұтас құрылымға айналдырады. Дәл осы байланыстырғыштың қасиеттеріне жол жабынының беріктігі, икемділігі және ұзақ мерзімділігі тікелей тәуелді.

Битум әрбір тас түйіршігін қаптап, олардың арасындағы байланысты қамтамасыз етеді. Соның арқасында жол жабыны:

- ауыр жүк көліктерінің тұрақты жүктемесіне төтеп бере алады;
- жаздың аптап ыстығында жұмсарып кетпей, қыстың қақаған аязында морт сынбайды;
- жарықтар мен ойықтардың пайда болуына қарсы тұрады;
- судың жолдың ішкі қабаттарына енуіне жол бермейді, бұл өз кезегінде жабынның бұзылуын баяулатады.

Жол құрылысында битумды байланыстырғыштың бірнеше түрі қолданылады. Ең кең таралғаны – кәдімгі жол битумы. Ол стандартты жағдайларда жақсы нәтиже береді және көптеген жол жобаларында пайдаланылады.

Сонымен қатар, соңғы жылдары полимерлі-битумды байланыстырғыштар кеңінен қолданылып келеді. Олардың құрамына арнайы полимерлер қосылады, бұл материалдың қасиеттерін айтарлықтай жақсартады.

Мұндай байланыстырғыштар:
- жоғары температурада деформацияға төзімді;
- төмен температурада икемділігін сақтайды;
- қарқынды көлік қозғалысы жағдайында ұзақ қызмет етеді;
- жол жабынының қызмет ету мерзімін ұзартады.

Қай байланыстырғыш түрін қолдану керектігі бірнеше факторға байланысты анықталады. Олардың ішінде өңірдің климаттық ерекшеліктері, тәуліктік және жылдық температура ауытқулары, көлік ағынының қарқындылығы, сондай-ақ жолға түсетін жүктеме деңгейі маңызды рөл атқарады.

«Қорытындылай келе, сапалы жол тек жақсы қиыршық тас пен заманауи техникаға ғана байланысты емес. Оның беріктігі мен ұзақ қызмет етуінің басты құпиясы – барлық құрамдас бөліктерді бір жүйеге біріктіретін, дұрыс таңдалған және сапалы битумды байланыстырғышта жатыр», - дейді ҚазАвтоЖол мамандары.