Алматыда пакет үшін айыппұл салынды деген ақпарат жалған болып шықты
Әлеуметтік желіде Алматы тұрғынына көліктің алдыңғы орындығында тұрған пакет үшін айыппұл салынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығына сілтеме жасап.
14 шілдеде әлеуметтік желілерде бейнебақылау камерасы көліктің алдыңғы орындығында тұрған пакетті қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ретінде тіркеп, жүргізушіге айыппұл салынғаны туралы ақпарат кеңінен тарады. Бұл жазбаны бірқатар қалалық пабликтер мен бұқаралық ақпарат құралдары да жариялаған.
Алайда Алматы қаласы Полиция департаменті аталған мәліметті жоққа шығарды. Ведомствоның түсіндіруінше, жүргізушіге айыппұл алдыңғы орындықтағы пакет үшін емес, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін салынған. Ал көліктегі пакет тіркелген құқық бұзушылыққа ешқандай қатысы жоқ.
Мамандардың айтуынша, бұл жағдай контекстен тыс алынған бір ғана фотосуреттің шындыққа жанаспайтын ақпараттың кең таралуына себеп болатынын көрсетті.
Осыған байланысты құзырлы органдар блогерлерді, паблик әкімшілерін және әлеуметтік желі қолданушыларын кез келген ақпаратты жарияламас бұрын ресми дереккөздер арқылы тексеруге шақырды. Сондай-ақ жалған ақпарат тарату заңнамада көзделген жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екені ескертілді.
Еске салсақ, әкімшілік амнистия аясында 590 мың азаматқа жеңілдік жасалды.