Референдум-2026

ІІМ: Әкімшілік амнистия аясында 590 мың азаматқа жеңілдік жасалды

Бүгін, 15:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
ІІМ: Әкімшілік амнистия аясында 590 мың азаматқа жеңілдік жасалды
Фото: Polisia.kz

1 шілдеде Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап. 

Ведомство мәліметінше, бұл – адамгершілік пен ізгілікті негізге алған маңызды шешім. Сонымен қатар амнистия қоғамның қауіпсіздігіне қауіп төндірмейтін және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірмейтін жағдайларда ғана қолданылады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия өткізілді. Оның аясында заңда көрсетілген баптар бойынша азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуден босатылды.

Ішкі істер органдарының бағыты бойынша амнистия шамамен 590 мың азаматқа қатысты қолданылды. Нәтижесінде оларға қатысты 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алу тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылды.

«Айта кетекйік, амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Ол болашақта жасалатын құқық бұзушылықтар үшін жауапкершіліктен босатпайды. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапқа тартылады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға, өзгелердің құқықтарын құрметтеуге шақырады. Құқық бұзушылық жасамау – жауапкершіліктен сақтанудың ең дұрыс жолы. Ал «Заң және тәртіп» қағидатын сақтау – қауіпсіз әрі әділетті қоғамның басты негізі», - деді ҚР ІІМ ӘПК төрағасы Мұрат Қабденов.

Еске салсақ, Астанада тұрғындардың тыныштығын сақтау шаралары күшейтілді.