Алматыда IBI цифрлық экономика штабы іске қосылды
Алматы қаласында Қазақстан Республикасындағы IBI цифрлық экономика штабының ресми ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.
Жаңа халықаралық алаң цифрлық экономика, электрондық коммерция, сауда, инвестициялар, өнеркәсіптік кооперация және логистика салаларындағы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдарының, даму институттарының, ұлттық компанияларының, қаржы секторының және бизнес өкілдері қатысты. Жалпы, іс-шараға 230-дан астам қатысушы жиналды.
IBI цифрлық экономика штабын құру бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға, халықаралық әріптестерді тартуға, электрондық коммерция мен цифрлық сервистерді дамытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай арасындағы заманауи трансшекаралық жеткізу тізбектерін қалыптастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтып келе жатқанын атап өтті.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жетіп, 48,7 млрд АҚШ долларын құрады. 2026 жылдың алғашқы бес айында тауар айналымы 22 млрд АҚШ долларына жетіп, 27 пайызға өсті. Бүгінде біздің алдымызда тұрған міндет – сауда көлемін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар цифрландыру, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту және заманауи өндірістік-логистикалық тізбектерді қалыптастыру арқылы оның сапалық деңгейін арттыру», – деді Айдар Әбілдабеков.
Вице-министрдің айтуынша, IBI штаб-пәтерінің ашылуы халықаралық сауданың цифрлық инфрақұрылымын дамыту және екі ел арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты нығайту бағытындағы маңызды қадам болып табылады.
«Біз бұл жобаны Қазақстандағы қытай бизнесінің қатысуын кеңейту құралы ретінде ғана емес, еліміздің цифрлық экожүйесін дамытуға қосылатын маңызды үлес ретінде қарастырамыз. Жаңа алаң мемлекеттік органдар, бизнес өкілдері және сарапшылар қауымдастығы арасындағы тиімді өзара іс-қимыл орталығына айналып, бірлескен жобаларды іске асыруға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
Бүгінде Қытай Қазақстанның ірі сауда және инвестициялық әріптестерінің бірі болып табылады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қытайдан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 2,826 млрд АҚШ долларына жетіп, екіжақты ынтымақтастық тарихындағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды. 1993 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған қытай инвестицияларының жалпы көлемі 30,7 млрд АҚШ долларынан асты.