Референдум-2026

Қазақстанда жол құрылысына арналған бірыңғай экологиялық норматив енгізіледі

Қазақстанда жол құрылысына арналған бірыңғай экологиялық норматив енгізіледі
Фото: pexels.com

2027 жылдан бастап Қазақстанда автомобиль жолдарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған бірыңғай ведомстволық норматив қолданысқа енгізіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа құжатты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) әзірлеп жатыр. Ол автомобиль жолдарын жобалау, салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау және пайдалану кезеңдерінің барлығына ортақ экологиялық талаптарды белгілейді.

Нормативті 2026 жылдың соңына дейін бекіту, ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.

Құжатта топырақтың құнарлы қабатын сақтау, жерүсті және жерасты суларын қорғау, ластаушы заттар мен шаңның таралуын азайту, шу деңгейін төмендету, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды тиімді басқару, сондай-ақ құрылыс аяқталғаннан кейін бүлінген аумақтарды қалпына келтіру бойынша нақты талаптар қамтылған.

ҚазжолҒЗИ мамандарының айтуынша, экологиялық қауіпсіздік қазіргі заманғы жол инфрақұрылымының негізгі құрамдас бөлігіне айналуы тиіс. Жаңа норматив жолдардың бүкіл цикліне бірыңғай талап енгізіп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтуға және табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Осы уақытқа дейін жол саласындағы экологиялық мәселелер негізінен ұсынымдық сипаттағы құжаттармен реттеліп келген. Ал жаңа норматив қабылданғаннан кейін бұл талаптар міндетті түрде орындалуы тиіс құжат мәртебесіне ие болады.

Құжатта су ресурстарын қорғауға ерекше көңіл бөлінген. Атап айтқанда, құрылыс алаңдарында жерүсті суларын бұру жүйесін ұйымдастыру, ластанған суды тазарту, тазартылмаған ағын сулардың су айдындарына ағуына жол бермеу және мұнай өнімдері төгілген жағдайда жедел әрекет ету тәртібі қарастырылған.

Сондай-ақ жер ресурстарын сақтау мақсатында топырақтың құнарлы қабатын міндетті түрде алып, бөлек сақтау және кейін рекультивация кезінде пайдалану талаптары енгізіледі. Бұл құрылыс жұмыстары аяқталған соң бүлінген жерлерді қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, биоалуантүрлілікті сақтау мәселесіне де ерекше мән берілген. Жолдарды жобалау және салу кезінде жануарлардың мекендеу ортасы мен көші-қон бағыттары, балықтардың уылдырық шашатын аумақтары және құстардың ұя салатын орындары ескеріледі. Қажет болған жағдайда арнайы қоршаулар орнатылып, ескерту белгілері қойылады.

Бұдан бұрын биыл елімізде 11 мың шақырымнан астам жол салынып, жөнделетінін жазған едік.