Бұдан былай спорт саласындағы легионерлерге мемлекеттен қаржы бөлінбейді

Бұдан былай спорт саласындағы легионерлерге мемлекеттен қаржы бөлінбейді
Фото: freepik

Мәжіліс қабылдаған дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша заңға Қазақстан азаматтығы жоқ спортшыларды бюджет қаражаты есебінен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу туралы өзгеріс енгізілді, деп хабарлады Elordainfo.kz ҚР Парламенті Мәжілісіне сілтеме жасап.

Осыған орай енді мемлекет легионерлерге қаржы бөлмейді. Бұл норма Президенттің мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалану туралы тапсырмасын орындау мақсатымен әзірленді.

Бұл ретте дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік мекемелер ақылы қызмет көрсетуге және олардан түсетін кірісті бюджет заңнамасына сәйкес пайдалану мүмкіндігіне ие болады.

Спорт мекемелері іс-шараларды (спорттық жарыстар, семинарлар, кеңестер мен конференциялар) ұйымдастыру және өткізу мақсатымен халықты арнайы спорттық жабдықтармен, дене шынықтыру-сауықтыру және спорт объектілерімен қамтамасыз ету бойынша қызметтер, спорттық медицина саласындағы қызметтер арқылы табыс таба алады.