«Айқын нәтиже» жобасы: Елордада қылмыс саны азайды
Прокуратура органдары «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында іске асырып жатқан «Айқын нәтиже» жобасы қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытында нақты нәтижелер көрсетуде. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында Астана қаласының Алматы ауданы прокуратурасы бөлімінің бастығы Сандуғаш Қыстықбаева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның сөзінше, Алматы ауданы прокуратурасының құқық қорғау және мемлекеттік органдармен бірлесе жүргізіп жатқан кешенді профилактикалық іс-шаралары қылмыс деңгейінің төмендеуіне, халықтың құқықтық мәдениетінің артуына және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімінің нығаюына ықпал етуде.
«Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша Алматы ауданы аумағында жалпы қылмыс деңгейі 18,9%-ға төмендеді. Қылмыстар саны 18,8%-ға, қылмыстық теріс қылықтар саны 19,6%-ға азайды. Құқық бұзушылықтардың бірқатар маңызды санаттары бойынша да оң динамика байқалады. Адам өлтіру қылмыстарының саны 66,7%-ға, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактілері 16,7%-ға, тонау 16,7%-ға, ұрлық 38%-ға, алаяқтық 14,8%-ға, бұзақылық 25%-ға, есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстар 11,3%-ға төмендеді», - деді спикер.
«Айқын нәтиже» жобасының негізгі бағыттарының бірі профилактикалық жұмыс болды. Алкоголь өнімдерін өткізу қағидаларын бұзғаны үшін, атап айтқанда 21 жасқа толмаған адамдарға алкоголь өнімдерін сатқаны немесе алкоголь өнімдерін тыйым салынған уақытта өткізгені үшін 128 кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылды.
«Түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының иелерімен қауіпсіздік шараларын күшейту жөнінде келісімдерге қол жеткізілді, жекелеген нысандардың жұмыс кестелері қайта қаралды, өткізу режимі күшейтілді және күзет қызметкерлерінің саны арттырылды. Сонымен қатар, демалыс және мереке күндері жаппай демалыс орындарының маңында полиция қызметкерлерінің тұрақты кезекшілігі ұйымдастырылып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға жедел ықпал етті. Полицияның қолжетімділігін арттыру мақсатында ауданда қосымша учаскелік полиция пункті ашылды, сондай-ақ мүліктік қылмыстардың алдын алу бағытында Magnum және Small сауда желілерімен ынтымақтастық жалғасуда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу басым бағыттардың бірі болып қала береді. Ауданның 19 білім беру ұйымының әрқайсысына прокуратура қызметкерлері бекітіліп, олар педагогтермен және психологтермен бірлесіп буллингтің, жасөспірімдер қылмысының алдын алу және өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды дер кезінде анықтау мәселелері бойынша жұмыс жүргізуде.
Жартыжылдық ішінде ауқымды дәрістер, жастар форумдары, байқаулар, мектеп оқушылары мен студенттермен кездесулер, кәмелетке толмағандардың демалыс орындарына профилактикалық рейдтер, сондай-ақ Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай спорттық және мәдени іс-шаралар өткізілді. Интернет-қылмыстардың, есірткі қылмыстарының, алаяқтықтың алдын алуға және жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде», - деді Сандуғаш Қыстықбаева.
Сондай-ақ жоба аясында қылмыстардың жасалуына ықпал ететін себептерді жою жұмыстары жүргізілуде. Уәкілетті органдармен бірлесіп, құқық бұзушылық жасау қаупін арттыратын көшелер мен аулалардағы жарықтандырылмаған учаскелер – «көрінбейтін аймақтар» анықталып, жойылуда.
«Профилактикалық іс-шаралар пробациялық бақылауда тұрған адамдарды да қамтиды. Кешенді жұмыстың нәтижесінде қайталама қылмыс деңгейі 76%-ға төмендеді. Бұдан бөлек, үш бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оның қорытындысы бойынша пробация қызметінің есебінде тұрған 23 адам жұмысқа орналастырылды.
«Айқын нәтиже» жобасының іске асырылуы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы кешенді тәсілдің тиімділігін дәлелдейді. Алматы ауданы прокуратурасының мемлекеттік органдармен, білім беру ұйымдарымен, бизнес-қоғамдастықпен және қоғамдық ұйымдармен бірлескен жүйелі жұмысы қылмыс деңгейін төмендетіп қана қоймай, заңға құрметті қалыптастыруға, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Дәл осындай тәсіл Мемлекет басшысының заңдылық, жауапкершілік және профилактика қоғамның орнықты дамуының негізіне айналатын Әділетті Қазақстанды құру бағытына сәйкес келеді», - деп атап өтті спикер.
Еске салсақ, Астанада жол қозғалысы ережесін бұзған 19 мыңнан астам жаяу жүргінші жауапқа тартылды.