Қазақстанның ұлттық құрамасына оқушылар қалай іріктеледі
«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Тимур Дәулеттің айтуынша, Қазақстанның ұлттық құрамасына іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғашқы кезеңде – мектеп деңгейінде – белгілі бір пәндерге қабілеті мен қызығушылығы жоғары оқушылар анықталады. Екінші кезеңде – аудандық және қалалық деңгейде – білім беру ұйымдарының үздік қатысушылары іріктеледі. Үшінші кезеңде оқушылар облыс намысын қорғап, республикалық олимпиадаға қатысу құқығы үшін бақ сынайды. Ал республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша еліміздің олимпиадалық резерві қалыптастырылады.
«Қазақстанның халықаралық олимпиадалардағы ұлттық құрамасына кездейсоқ өту мүмкін емес. Әрбір қатысушының жетістігінің артында жүйелі дайындық, жоғары деңгейдегі білім және бәсекелі іріктеуде дәлелденген нәтиже тұр», – деді спикер ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстел барысында.
Олимпиадалық резерв жасақталғаннан кейін ұлттық құрамаға үміткерлерді арнайы даярлау кезеңі басталады. Бұл жұмысқа ғылым докторлары, PhD және MD дәрежесі бар мамандар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, халықаралық тәжірибесі бар жаттықтырушылар, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен ұлттық құрамалардың түлектері тартылады.