Референдум-2026

ҚМА: 2,5 млрд теңге жымқыру ісіне қатысты күдікті елге жеткізілді

Бүгін, 09:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
ҚМА: 2,5 млрд теңге жымқыру ісіне қатысты күдікті елге жеткізілді
видеодан скрин/ҚМА

Вьетнам Социалистік Республикасынан Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Сот сараптамалары орталығы» РМКҚ- да мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде 2,5 млрд теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырды деген күдікті елге жеткізілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, 2023–2025 жылдарға арналған Есірткіге қарсы іс-қимыл және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспар аясында сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында республикалық бюджеттен 10 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Алайда күдікті орталық директоры Сатыбалдиев Р.К., Мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы Искендерова Д.Б., сондай-ақ «Марк Инвест» ЖШС мен «Direct Services» ЖШС-нің басшысы Шинтемирова А.А.-мен сөз байласып, жабдықтардың құнын үш есеге дейін негізсіз көтеру және жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы бюджет қаражатын жымқыруды ұйымдастырған», - делінген хабарламада.

Сот үкімімен Сатыбалдиев Р.К., Искендерова Д.Б. және Шинтемирова А.А. кінәлі деп танылып, олардың әрқайсысының мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

2025 жылғы наурызда ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланып, сот санкциясымен оған қатысты сырттай қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Биылғы жылдың басында ол Вьетнам Социалистік Республикасының аумағында ұсталды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің, Интерполдың Ұлттық орталық бюросының және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті ұсталып, Қазақстан Республикасына жеткізілді.

Қылмыстық іс сотқа жолданды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Еске салсақ, Түркістанда 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған ұйымдасқан қылмыстық топ сотталды.