Астанада пәтер алып беремін деп 6 млн-ды алаяқтықпен жымқырған әйел ұсталды
Астанада полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 52 жастағы әйелді ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Тергеудің алдын ала мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін тұрғын үй мәселесін шешуге көмектесе алатын адам ретінде таныстырып, азаматтардың сеніміне кірген. Ол жәбірленушіге мемлекеттік бағдарламалар арқылы немесе төмен бағамен пәтер алып беруге уәде етіп, көрсетілетін "қызметі" үшін алдын ала ақша талап еткен.
Осылайша, тұрғын үйді тиімді бағамен рәсімдеп беремін деген желеумен жәбірленушіден 6 миллион теңге алып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған. Уәде етілген міндеттемелер орындалмай, жәбірленуші полицияға жүгінген.
Қазіргі уақытта күдікті Астана қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тергеушілер күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстық эпизодтарға қатысы бар екенін анықтады. Осыған байланысты азаматтардан сақ болуды және тұрғын үй рәсімдеу, мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру немесе жеңілдетілген бағамен пәтер алып беру жөніндегі күмәнді ұсыныстарға сенбеуді сұрайды.