Пойызда қандай заттарды алып жүруге болмайды
«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға теміржол көлігінде алып жүруге тыйым салынған заттардың тізбесін еске салды, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық тасымалдаушының мәліметінше, Қазақстан заңнамасына сәйкес, қауіпті немесе алып жүруге тыйым салынған заттарды тасымалдауға әрекет жасау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Пойызға қандай заттарды алып кіруге болмайды?
- Жарылғыш құрылғылар мен жарылғыш заттар, пиротехника бұйымдары (салют, отшашу және жарылыс қаупі бар өзге де заттар).
- Радиоактивті және есірткі заттары, тез тұтанатын сұйықтық пен заттар, оның ішінде бензин, метил эфирі, метанол және т.б.
- Өздігінен немесе оңай тұтанатын қатты заттар.
- Сұйық немесе қатты күйдегі улы, күшті әсер ететін және уландырғыш заттар.
- Жұқпалы немесе биологиялық қауіпті материалдар, заттар және оларды қамтитын бұйымдар.
- Атыс қаруының барлық түрі, оның ішінде лақтыратын, электр, механика, аралас, ұңғысыз травматикалық және газды қарулар, сондай-ақ, соққы беруге немесе жарақат салуға арналған заттар, қылыш, семсер, сапы, палаштар, шпага, найза ұшы, қанжар, кортиктер, стилет, кастеттер және кистеньдер.
- Атыс және газ қаруына арналған оқ-дәрі, оның ішінде жауынгерлік, жарық-дыбыстық, травматикалық, бос және жарақталған аңшылық патрондар.
«Пойызға мінер алдында барлық жолаушы теміржол вокзалдарында міндетті тексеруден өтеді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ірі теміржол вокзалдарында рентген-телевизиялық тексеру қондырғысы, стационарлық және қол металл іздегіші, сондай-ақ, портативті детекторлар орнатылған. Сонымен қатар бейнебақылау, күзет және дабыл беру жүйелері жұмыс істейді. Полиция қызметкерлері мен күзет қызметі тәулік бойы кезекшілік атқарады», делінген хабарламада.
Компанияның мәлімдеуінше, жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін арттыру мақсатында кезең-кезеңімен пойыздарға бейнебақылау жүйесі енгізіліп жатыр. Қазіргі уақытта компанияның 1 100 жолаушы вагоны бейнебақылау жүйесімен жабдықталған. Оның ішінде 550 «Тальго» вагоны және 550 стандартты жолаушы вагоны бар. Бейнежазбалар Жағдаяттық орталыққа келіп түседі. Онда мамандар тәулік бойы жедел мониторинг жүргізіп, штаттан тыс жағдайларды талдайды және қажет болған жағдайда жедел әрекет ету шараларын қабылдайды.
Еске сала кетсек, елімізде жолаушылар тасымалы 5,5 пайызға өсті.