Қазақстанда жыл басынан бері адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмыс анықталды
30 шілдеде БҰҰ бастамасымен Дүниежүзілік адам саудасына қарсы күрес күні атап өтіледі. Биыл ол онлайн-алаяқтық саласында қылмыс жасауға мәжбүрлеуге қарсы «Алаяқтық тұзағында» ұранымен өтеді. ОКҚ алаңында өткен дөңгелек үстелде ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің Үшінші басқармасының бастығы Самат Құсетов қылмыстың осы түріне қатысты профилактикалық жұмыстар туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оның айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінде қанаудың барлық түрлері үшін, соның ішінде мәжбүрлі еңбекке тарту, сексуалдық қанау және қайыршылықпен айналысуға мәжбүрлеу фактілері бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген.
«Осындай қылмыстарды анықтау мен жолын кесу мақсатында жүйелі түрде жедел-іздестіру және профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Жыл басынан бері полиция бөлімшелері адам саудасына қатысты 80-нен астам қылмысты анықтады. Сондай-ақ екі ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз қызметі тоқтатылды», – деді спикер.
Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстан аумағында азаматтарды интернет-алаяқтық саласындағы қылмыстарды жасауға мәжбүрлеу фактілері тіркелмеген. Дегенмен, шетелде Қазақстан азаматтарын арбап тарту жағдайлары болған. Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысуға үй-жай беру, жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсету фактілерінің жолын кесу жұмыстары жалғасуда. Осы бағытта 700-ден астам әкімшілік іс тіркеліп, жалпы сомасы 213 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде ер адамды көліктің жүксалғышына салып әкеткендер ұсталғаны туралы жаздық.