Ақтөбеде ер адамды көліктің жүксалғышына салып әкеткендер ұсталды
Ақтөбе тұрғыны көз алдында болған жағдайды 102 нөміріне телефон шалып хабарлады. Ер адамды жүксалғышқа күштеп отырғызған сәт көліктегі бейнебақылау камерасына да түсіп қалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақтөбе облысы Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Арнайы мақсаттағы бөлімше жауынгерлері мен полиция қызметкерлері жедел әрекетке көшіп, Lexus автокөлігін тоқтатып, оларды ұстады.
«Оқиғаға жол үстіндегі жанжал себеп болған. Ақтөбелік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте жүргізушінің әрекетіне ескерту жасаған. Осыдан кейін олардың арасында ұрыс-керіс болды. Кейін күдіктілер жәбірленушінің үйінің маңына келіп, оның үйінен қайта шығуын күткен. Таксиге отыра берген сәтте жолын бөгеп, тоқтатады. Артынша жәбірленушіні таксиден күштеп шығарып, Lexus автокөлігінің жүксалғышына салып әкеткен», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Адам ұрлау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Еске салайық, бұған дейін Астанада адам ұрлаған алты шетел азаматы сотталғаны туралы жаздық.