Қызметкерлер мен жұмыс берушілер бірыңғай жүйеде еңбек шарттарын тіркеу туралы нені білуі қажет
Қазақстанда жұмыс берушілер еңбек қатынастары туралы мәліметтерді Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) уақтылы енгізуге міндетті. Бұл талап қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғауға, еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге және кадрлық есепті цифрландыруға бағытталған. Белгіленген талаптарды бұзғаны үшін заңнамада әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл туралы Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мұрат Шәкенов түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
ЕШЕБЖ-ге қандай мәліметтер енгізілуі қажет
Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек қатынастары жұмыс беруші мен қызметкер арасында жазбаша немесе электрондық нысанда жасалған еңбек шартының негізінде туындайды.
Жұмыс беруші еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер енгізу және оны тоқтату туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ге енгізуге міндетті. Жүйеге еңбек шарты тараптары туралы негізгі деректер, қызметкердің лауазымы немесе кәсібі, жұмыс орны, еңбек шартының қолданылу мерзімі, жұмысқа кіріскен күні, сондай-ақ жасалған еңбек шартының күні мен нөмірі енгізіледі.
Сонымен қатар қызметкерге жүктілікке және бала тууға, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алуға (қыз асырап алуға) байланысты демалыс беру туралы ақпарат міндетті түрде енгізілуге тиіс.
Нақты мерзімдер белгіленген
Заңнамада ЕШЕБЖ-ге мәліметтерді енгізудің нақты мерзімдері белгіленген. Мәселен, жаңадан жасалған еңбек шарты туралы ақпарат оған екі тарап қол қойған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілуге тиіс. Еңбек шартына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жүйеде күнтізбелік 15 күн ішінде тіркелуі қажет, ал еңбек шартын тоқтату туралы мәліметтер қызметкер жұмыстан босатылған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей енгізілуге тиіс.
Ақпаратты ұсыну тәртібі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен бекітілген Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларымен егжей-тегжейлі регламенттелген.
Бұзушылықтар үшін айыппұлдар көзделген
2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін (ЕШЕБЖ) жүргізуге байланысты бұзушылықтар үшін жауапкершілік қолданылады. Мәліметтерді енгізбегені немесе уақтылы енгізбегені, толық емес, анық емес немесе дұрыс емес ақпарат ұсынғаны үшін айыппұлдар көзделген. Әкімшілік айыппұл мөлшері лауазымды адамдар үшін 30 АЕК-ден бастап ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін 150 АЕК-ге дейінгі аралықты құрайды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 8 маусымнан бастап азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттарға (АҚС) қатысты өзгерістер күшіне енді. Егер мұндай шартта еңбек қатынастарының кемінде бір белгісі болса – белгілі бір лауазым бойынша жұмысты орындау, міндеттерді ішкі еңбек тәртібін сақтай отырып жеке өзі орындау немесе жалақы алу, – онда ол атауына қарамастан еңбек шарты деп танылуы мүмкін.
Бұл жағдайда жұмыс берушіге еңбек заңнамасының барлық талаптары, оның ішінде ЕШЕБЖ-ге мәліметтер енгізу міндеті қолданылады. Жұмыс берушілерге әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін шарттық қатынастарды мұқият рәсімдеу және заңнама талаптарын уақтылы орындау ұсынылады.
Цифрландыру – еңбек құқықтарын қорғау құралы
Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін енгізу еңбек қатынастарының ашықтығын қамтамасыз етуге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және еңбек заңнамасының сақталуын бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Мамандар жұмыс берушілерге жүйедегі мәліметтерді уақтылы жаңартып отыруды, еңбек және азаматтық-құқықтық шарттарды мұқият рәсімдеуді, сондай-ақ әкімшілік жауапкершілікке тартылмау үшін заңнамада белгіленген мерзімдерді сақтауды ұсынады.