Референдум-2026

Еліміздің бірқатар өңірінде азық-түлік бағасының төмендеуі байқалды

Еліміздің бірқатар өңірінде азық-түлік бағасының төмендеуі байқалды
Фото: Оңалхан Өнерхан

22 шілдедегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарынің бағасы төмендеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ұлттық стаитистика бюросына сілтеме жасап. 

Бюро мәліметінше, ең көп бағасы төмендеген өнімнің бірі - қияр, баға 4,3%-ға арзандады. Сонымен қатар қырыққабат (1,5%), картоп (1,4%), қызанақ (0,8%), алма (0,7%), пияз (0,4%), сүзбе (0,3%), күріш, қарақұмық жармасы, қатты және жартылай қатты ірімшік, тұз (0,1%) бойынша бағалардың төмендеуі байқалды.

Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан дайындалған нан, сүт (пастерленген, ультрапастерленген, 2,2%-дан 6% дейінгі майлылықтағы стерильденген сүт), қаймақ және сары май бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі бір апта ішінде Қонаев, Өскемен және Талдықорған қалаларында 0,4%, Ақтөбе қаласында 0,2%, Алматы, Ақтау, Атырау, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістан қалаларында 0,1% төмендеді. Астана, Жезқазған, Қарағанды, Петропавл, Семей және Тараз қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша қиярдың орташа бағасы килограмына 502 теңге. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – келісіне 339 теңге.

ақталған күріштің орташа республикалық бағасы келісіне 533 теңге деңгейінде қалыптасты. Ең қолжетімді баға Қызылорда қаласында – 456 теңге және Ақтау қаласында – 472 теңге болды.

Еліміз бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 283 теңге. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркелді – к218 теңге.

Республика бойынша I санаттағы 10 жұмыртқаның орташа бағасы 564 теңгені құрады. Ең төмен бағалар Қызылорда қаласында (464 теңге) және Орал қаласында (471 теңге) байқалды.

Ет өнімдері бойынша республикадағы орташа бағалар: сүйекті сиыр еті – келісі 3 775 теңге, тауық еті – келісі 1 758 теңге.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерісін Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі 31 атаудағы азық-түлік өнімін қамтиды.

Еске салсақ, өтен аптада елімізде көкөніс, жұмыртқа және сүт өнімдерінің бағасы төмендеді.