«Алтыналмас» кенішінде жазатайым оқиғадан жұмысшы қаза тапты
«Алтыналмас АК» АҚ-ның өндірістік нысандарының бірі – «Пустынное» тау-байыту кешенінің аумағында адам өліміне әкелген жазатайым оқиға болды, деп хабарлайды Elordainfo.kz компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Компания мәліметінше, қайғылы оқиға 23 шілде күні сағат 11:30 шамасында болған. Оқиға салдарынан «Пустынное» тау-байыту кешенінің екінші саты ұсақтау корпусының конвейер машинисі Карим Рымбаев қаза тапқан.
«Оқиғаның себеп-салдары мен мән-жайын уәкілетті органдар анықтап жатыр. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамыз. Компания оның отбасына барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетеді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар компания оқиғаға қатысты нақты мән-жайларды бұрмалайтын немесе тексерілмеген ақпаратты таратудан бас тартуға шақырды. Ресми мәлімдемеде мұндай ақпаратты тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екені ескертілген.
«Тексерілмеген ақпаратты таратпауларыңызды және тек уәкілетті мемлекеттік органдар мен Компанияның баспасөз қызметі ұсынған ресми деректерге ғана сүйенуді сұраймыз», - деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Еске салсақ, Павлодар облысында алты адам көмірқышқыл газымен уланып көз жұмған болатын.