Павлодар облысында алты адам қаза тапты
Ақтоғай ауданындағы ЖШС аумағында алты адам көмірқышқыл газымен уланып көз жұмды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.
Басқарманың мәліметінше, бүгін сағат 12:01-де Ақтоғай ауданы Жоламан ауылындағы ЖШС-ның бірі жедел жәрдем шақырған.
«Оқиға орнында медицина қызметкерлері 63, 51, 43, 28, 20 және 17 жастағы алты ер адамның қаза тапқанын анықтады», делінген хабарламада.
38 жастағы бір ер адам орташа ауырлық дәрежесіндегі көмірқышқыл газымен улану диагнозымен Ақтоғай аудандық ауруханасына жатқызылды.
Басқарманың мәліметінше, оның жағдайы тұрақты, қажетті медициналық көмек көрсетілуде, облыс орталығына тасымалдау қажет емес.
Павлодар облысы Полиция департаментінің мәлімдеуінше, қазір қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Алайда Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлім етті.