Референдум-2026

Елордада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті

Бүгін, 16:49
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада жалған чекпен базардан тауар алып жүрген күдікті қолға түсті
Фото: Magnific.соm

Елордада жалған төлем чегін көрсетіп, базардағы сатушыларды алдап жүрген 34 жастағы тұрғынның заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Тергеу барысында анықталғандай, күдікті сауда орындарын әдейі аралап, өзін қарапайым сатып алушы ретінде таныстырған. Көкөніс пен жеміс-жидек таңдаған соң, ақшаны мобильді қосымша арқылы аударғандай кейіп танытып, қолдан жасалған төлем чегін көрсеткен. Ақша шотқа түсті деп сенген сатушылар тауарды күдіктіге өз қолдарымен берген.

«Бұл – оның алғашқы алаяқтығы емес. Күдікті бұған дейін де дәл осындай айламен бірнеше саудагерді алдағаны анықталды. Қазіргі уақытта оның өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр», - делінген хабарламада. 

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Полиция саудагерлер мен кәсіпкерлерге төлемнің нақты банк шотына түскеніне көз жеткізбейінше, тауарды сатып алушыға бермеуге кеңес береді.