Референдум-2026

Қызылордада балалы әйелді жылыту маусымында жалдамалы пәтерден шығаруға жол берілмеді

Бүгін, 10:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қызылордада балалы әйелді жылыту маусымында жалдамалы пәтерден шығаруға жол берілмеді
Фото: Magnific.соm

Қызылорда қаласында әйел адам мен оның кәмелетке толмаған балаларын жалдамалы тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық іс қозғалды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жоғарғы Соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Мемлекеттік сот орындаушысы жылу беру маусымы аяқталғанға дейін атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру туралы қаулы шығарды.

Тұрғын үйден шығару туралы азаматтық іс бойынша талап қоюшы – «Қазақстан Тұрғын үй компаниясы» АҚ осы шешіммен келіспей, сот орындаушысының қаулысын заңсыз деп тану және оның күшін жою туралы әкімшілік талап қоюмен сотқа жүгінді.

Талап қоюшы әйел адамның тұрғын үйдің меншік иесі емес екенін және пәтерде жалдау шартының негізінде тұрғанын, сондықтан, тұрғын үйден шығаруды кейінге қалдыруға негіз болмағанын көрсетті.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар сот орындаушысының әрекеттерін заңды деп таныды және бала құқықтары туралы конвенцияның ережелерін; балалардың мүдделерін басымдықпен қорғау қажеттілігін; ізгілік, әділдік және парасаттылық қағидаттарын негізге ала отырып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот істі қарап, кәмелетке толмаған балалары бар отбасына қатысты атқарушылық іс жүргізу қозғалғанын анықтады.

Заң бойынша жылу беру маусымы кезеңінде халықтың әлеуметтік осал топтарын, кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларды, сондай-ақ бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарды жалғыз тұрғын үйінен шығаруға жол берілмейді.

«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңда сот орындаушысына жылу беру маусымы кезеңінде азаматтардың осындай санаттарына қатысты тұрғын үйден шығару туралы атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру міндеті жүктелген.

Кассациялық сот тараптар арасында бұрын тұрғын үйді кейіннен сатып алу талабымен жалдау шарты жасалғанын назарға алды, бұл отбасының дауланып отырған тұрғын үй-жайда ұзақ уақыт бойы және тұрақты тұрғанын растайды.

Сот атқарушылық іс жүргізуді тоқтата тұру уақытша сипатта екенін, сот актісін орындауға кедергі келтірмейтінін және кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын қорғаудың заңда көзделген кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап көрсетті.

Кассациялық сатыдағы сот істің барлық мән-жайларын ескере отырып, бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың шешімдерін күшінде қалдырды.