Астанада қалааралық автобус жүргізушілеріне құқықтық түсіндіру жұмыстары өтті
«Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елорданың Сарыарқа ауданының прокуратурасы уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, автовокзал аумағында қалааралық автобустардың жүргізушілері мен жолаушыларына арналған профилактикалық кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Іс-шараға тұрақты жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын қалааралық автобустардың 15 жүргізушісі қатысты.
«Кездесу барысында қатысушыларға Жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтау, көлік құралын алкогольдік немесе есірткілік масаң күйде басқаруға жол бермеу, белгіленген жылдамдық режимін сақтау, қауіпсіздік белдігін пайдалану және жол қозғалысына қатысушылардың өзара сыйластық танытуының маңыздылығы түсіндірілді», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін көзделген әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, масаң күйде көлік жүргізу, жылдамдықты асыру және азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтардың салдары егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Бұдан бөлек, кездесуде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылып, есірткі қылмыстарын жасаудың құқықтық салдары мен жауапкершілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, құқықтық мәдениетті арттыруға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті.
Еске салсақ, елорда прокуратурасы мектеп оқушыларына құқықтық сауаттылық бойынша дәріс өткізді.