Референдум-2026

«Болашақ ойындары – 2026»: Астанада электрлі аэротакси таныстырылады

Бүгін, 15:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Болашақ ойындары – 2026»: Астанада электрлі аэротакси таныстырылады
Фото: Туризм жəне спорт министрлігі

Елорда тұрғындары мен қонақтары Қазақстанда алғаш рет таныстырылатын тік ұшып, тік қона алатын электрлі аэротаксиді (eVTOL) өз көздерімен көре алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Жоғары технологиялық ұшу аппараты Samruk-Kazyna қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары – 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирі аясында көпшілік назарына ұсынылады.

Турнир қарсаңында AutoFlight Prosperity электрлі аэротаксиі «Қазанат» ипподромының үстінде демонстрация жасады. Ал 29–30 шілде күндері бұл заманауи әуе көлігі «Барыс Арена» алдындағы ашық көрме алаңында қойылып, турнир қонақтары оны жақыннан тамашалай алады. 

Аэротаксидің ішінде «Болашақ ойындарының» ресми маскоттарына арналған арнайы тақырыптық инсталляция орналастырылады. Келушілер Ibot роботы, Ar-Lan киберқасқыры, I-Lin бойжеткен мен Alem бүркітімен таныса алады. Бұл көрме турнирдің ең ерекше технологиялық нысандарының біріне айналып, болашақтың көлігі мен қалалық ортаның қандай болатынын көзбен көруге мүмкіндік береді.

Заманауи технологиялар тек көрме бағдарламасымен шектелмейді. Жарыстар барысында спорт нысандарында арнайы пункттер жұмыс істейді. Оларға көрермендер ұтып алған сыйлықтарды ұшқышсыз дрондар жеткізіп береді.

«Болашақ ойындары - 2026» - дәстүрлі спортты, киберспортты және озық технологияларды біріктіретін халықаралық турнир. Сондықтан ұйымдастырушылар спорттық бәсекелермен қатар, бүгіннің өзінде күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келе жатқан инновациялық шешімдерді таныстыратын интерактивті технологиялық жобаларды да әзірледі», - делінген хабарламада.

Samruk-Kazyna қолдауымен өтетін «Болашақ ойындары - 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирі 29 шілде - 9 тамыз аралығында Астанада өтеді. Турнирде 50-ден астам ұлттың өкілі саналатын 800-ден астам спортшы физикалық және цифрлық спортты ұштастыратын 8 дисциплина бойынша 4,75 миллион АҚШ доллары көлеміндегі жүлде қорын сарапқа салады.

Турнир бағдарламасына Samruk-Kazyna ұсынған Phygital Football UFL, Halyk Fund қолдауындағы Phygital Basketball, Yandex GO ұсынған Phygital Shooter CS2, Solidcore Resources қолдауындағы Phygital Dancing, Kazzinc ұсынған Phygital Fighting, Bank CenterCredit қолдауындағы MOBA PC Dota 2, FREEDOM ұсынған MOBA Mobile MLBB және Alatau City Bank қолдауындағы Battle Royale – PUBG: BATTLEGROUNDS жарыстары енген.

Айта кетейік, турнир билеттерін Freedom Ticketon ресми билет операторы арқылы немесе Freedom SuperApp мобильді қосымшасынан сатып алуға болады.

Еске салсақ, бүгін Астанада электрлі тік ұшып-қонатын әуе кемесі (eVTOL) негізіндегі аэротаксидің демонстрациялық ұшуы өтті.