Ақтауда Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысы өтті
Ақтауда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов пен Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері басшылары кеңесінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі елдің көшбасшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің бірлескен шешімімен өңіраралық өзара іс-қимылдың жаңа тетігі құрылды.
Олжас Бектенов өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне қадам басқанын атап өтті. Жаңа Конституцияны жүзеге асыру ұлттық экономиканы нығайту, инвестициялық тартымдылықты арттыру, бизнес үшін барынша қолайлы жағдай жасау және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту үшін берік институционалдық негіз қалыптастырады.

«Біз бауырлас Өзбекстанмен стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды жан-жақты дамытуға ерекше мән береміз. Өңірлер басшылары кеңесінің құрылуы мемлекеттеріміз арасындағы қарқынды саяси диалогтың дәйекті жалғасы болып, өзара сенім мен тату көршілікке негізделген ықпалдастықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен бірге, елдеріміз арасындағы сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі жандандыруда өңіраралық қарым-қатынастар орасан зор рөл атқарады. Кеңес жұмысы екі мемлекет басшыларының белгілеген көрсеткіштерін $10 млрд-қа дейін ұлғайту міндетіне қол жеткізуге елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

«Біздің бүгінгі кездесуіміз Каспий теңізінің інжу-маржаны әрі өңіріміздің маңызды көлік-логистикалық хабы саналатын Ақтау қаласында өтуінің мәні зор. Қазақстан – Өзбекстан үшін жақын көрші ғана емес, сенімді стратегиялық серіктес әрі одақтас мемлекет. Өңіраралық әріптестік өзара іс-қимылымыздың басым бағыттарының біріне айналды. Осыған байланысты мемлекеттеріміздің құрметті президенттері Өңірлер басшылары кеңесін құру туралы шешім қабылдады. Өңірлік деңгейдегі тікелей байланыстар өзбек-қазақ қатынастарын одан әрі нығайтуға қуатты серпін беретініне», — деп атап өтті Абдулла Арипов.
Қазақстанның Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістан облыстары Өзбекстан құрамына кіретін Қарақалпақстанмен, сондай-ақ Жызақ, Науаи, Сырдария, Ташкент облыстарымен шектеседі. Екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың шақырымды құрайды.
Олжас Бектенов «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын толыққанды іске қосудың және оны өзара тиімді әрі бәсекеге қабілетті жобалармен толықтырудың маңыздылығын атап өтті. Сауда-инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі атап өтілді. Қазақстан мен Өзбекстан Еуразия кіндігінде, стратегиялық маңызы бар негізгі көлік бағыттарының торабында орналасқандықтан айтарлықтай әлеуетке ие.
Солтүстік – Оңтүстік бағыттарымен және Трансауған дәлізімен ұштасатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы ерекше атап өтілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жүк тиеу-жөнелту көлемі 8 млн тоннаны құрады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасының порттары арқылы контейнерлік тасымалдау көлемі 5%-ға артып, 50 мың ЖФЭ-ден асты.
Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік ынтымақтастықты дамыту әлеуетіне назар аударылды, оның ішінде екі ел азаматтарының тарихи-мәдени орталықтарға баруға деген қызығушылығының артып келе жатқаны атап өтілді.
Пленарлық отырыста Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдері Нұрдәулет Қилыбай мен Нұралхан Көшеров, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов, сондай-ақ Жызақ, Сырдария және Ташкент облыстарының әкімдері – Улугбек Мустафоев, Эркинжон Турдимов, Зойир Мирзаев баяндама жасады. Сонымен қатар іс-шараға екі елдің 300-ден астам кәсіпкері қатысты.
Жиын қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасында бірқатар меморандумға, сондай-ақ жалпы сомасы 80 млрд теңгеден астам коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Жаңа уағдаластықтар бауырлас елдер мен шекара маңы байланыстарын нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және Орталық Азияның орнықты экономикалық дамуына ықпал етуі тиіс.