Астанадағы мектептердің бірінде 550 орындық жаңа оқу корпусы ашылды

Астанадағы мектептердің бірінде 550 орындық жаңа оқу корпусы ашылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Елордадағы Көктал шағын ауданында орналасқан №41 орта мектепте 550 орындық жаңа оқу корпусы ашылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.

№41 мектеп осыдан 56 жыл бұрын салынған. Жобалық қуаты 460 орын болғанына қарамастан, әр жылдары мұнда 1 300-ден 1 500-ге дейін бала білім алып келді. Биыл 1 қыркүйекте мектепте ауданы 7 148 шаршы метр болатын үш қабатты жаңа корпус ашылды. Сонымен қатар ескі ғимаратқа толық жөндеу жүргізілді. Қазір онда 1-4 сынып оқушылары білім алады. Олар үшін жеке асхана мен арнайы оқу алаңы қарастырылған.

«Биыл жазда ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді, барлық кабинет талапқа сай жабдықталып, жаңа жиһаздар сатып алынды. Онда бастауыш сыныптар орналасты. 1-4 сынып оқушылары бөлек білім алады, олардың жеке асханасы және жаңа корпусқа өтетін жолы бар», – деді мектеп басшысы.

Жаңа ғимаратта 5-11 сынып оқушылары білім алады. Оларға 23 оқу кабинеті жабдықталған. Оның ішінде екі информатика кабинеті, робототехника кабинеті және STEM зертханасы бар. Оқу тәжірибесіне арналған кабинеттерге токарь және лазерлі станоктар, 3D-принтер, роботтар мен квадрокоптер қойылған. Қыз балалар үшін тігін және аспаз кабинеті жабдықталды. Сонымен қатар физика, химия және биология пәндеріне арналған мамандандырылған кабинеттер жаңартылып, толыққанды медициналық блок құрылды.

Оқу процесіне цифрлық технологиялар да енгізіліп жатыр. Мәселен, мектеп «Бозоқ» ұлттық музейімен бірлескен жоба аясында 3D көзілдіріктің көмегімен виртуалды тарихи экскурсиялар өткізуді жоспарлап отыр.

Мектепте 25 педагогтің авторлық әзірлемесі бар, ал ұжымның 35 пайыздан астамы сарапшы және зерттеуші мәртебесіне ие. Барлық мұғалім жасанды интеллект бойынша курстарды оқыған. Білім сапасын арттыру үшін Lesson Study технологиясы, яғни сабақтарды бірлесіп жоспарлау және талдау әдісі қолданылады.

Бұдан бөлек, мектепте жаңа спорт залы ашылды. Бұған дейін мектептің гандбол командасы Қазақстан чемпионатында қола жүлдеге ие болған. Жаңа жағдай спорттағы нәтижелерді одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.

«Алдағы 3 жылдағы басты мақсатымыз – жаңа мүмкіндіктерді сабақ сапасын арттыруға пайдалану. Өйткені олимпиада жеңімпаздары мен болашақ зерттеушілер тек тиісті жағдай жасалған ортада қалыптасады», – деп қорытындылады мектеп директоры  Әсия Сыздықова.

Айта кетейік, ҚР Президенті тапсырмасына сәйкес 1 300 мектепті жаңғырту аясында Астанада 2025-2027 жылдарға арналған 22 білім беру ұйымын жаңарту жоспары бекітілді. Қазірдің өзінде 9 мектепте күрделі жөндеу жүргізілді, тағы 13 мектепті жаңғырту жоспарланып отыр. Сонымен қатар оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін 7 мектептің жанынан қосымша оқу корпустары салынды.