«Күрең берет» сынағында FPV-дрон басқару нормативі енгізілді

«Күрең берет» сынағында FPV-дрон басқару нормативі енгізілді
Фото: Ұлттық ұлан

Қарағанды облысындағы «Қарабас» полигонында Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелері арасында «Күрең берет – 2026» сынағы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір аптаға созылған сынаққа еліміздің әр өңірінен жалпы саны 101 әскери қызметші қатысты. Биылғы іріктеудің басты жаңалығының бірі – арнайы жасақ жауынгерлерінің FPV-дрондарды басқару бойынша нормативті алғаш рет орындауы.

Сынақтың алғашқы кезеңдерінен кейін 60 әскери қызметші негізгі бөлімге өтіп, 65 шақырымдық жорық жолын еңсерді. Олар физикалық және тактикалық даярлық, қару қолдану, төзімділік пен психологиялық тұрақтылықты талап ететін бірқатар тапсырманы орындады.

Үміткерлер 5 шақырымға жүгіріп, таулы-тасты жерлерде қозғалды, жараланған әскери қызметшіні тасымалдады, тосқауылдардан өтті, газтұмылдырықпен жүгірді, окоп қазды, топографиялық бағдарлау тапсырмаларын орындады. Сондай-ақ су бөгетінен өтіп, атыс жаттығуларына және кедергілер алаңындағы сынақтарға қатысты.

Бұдан бөлек, әскери қызметшілер шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру, атыс жағдайында әрекет ету және қоян-қолтық ұрыс бойынша шеберліктерін көрсетті.

Ауыр сынақ барысында белгіленген талаптарды орындай алмаған бірқатар үміткер жарыстан шығарылды. Қорытындысында 101 қатысушының 13-і барлық кезеңнен сәтті өтіп, күрең берет кию құқығына ие болды.

Жауынгерлерге күрең береттерді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков табыстады. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бастаған өзара іс-қимыл органдарының өкілдері де қатысты.

Айта кетейік, «Күрең берет» сынағы арнайы мақсаттағы бөлімшелер әскери қызметшілерінің кәсіби және жауынгерлік даярлығының жоғары деңгейін анықтайтын күрделі сынақтардың бірі саналады.

Бұған дейін Астанада әскери міндеттілер оқу-жаттығу жиынына шақырылғанын жаздық.