Референдум-2026

Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 1 мыңнан астам медаль жеңіп алды

Бүгін, 16:31
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 1 мыңнан астам медаль жеңіп алды
Фото: ОКҚ

ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында қазақстандық оқушылардың Халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне тоқталды. Оның айтуынша, оқушылар халықаралық олимпиадаларда жыл сайын 100%-дық нәтижелер көрсетіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ОКҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

«2025-2026 оқу жылында қазақстандық оқушылар 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми байқауға қатысып, нәтижесінде 1 059 медаль және 57 арнайы марапат иеленсе, оның 201-і алтын, 351-і күміс, 507 қола медаль. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда марапаттар санының 96%-ға артқанын көрсетеді», - деді спикер дөңгелек үстел барысында.

Биыл әлемдегі ең беделді жеті халықаралық пәндік олимпиаданың төртеуіне қатысқан қазақстандық оқушылар осы төрт олимпиаданың барлығынан жеңімпаз атанып 19 медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қыркүйек айына дейін география (IGeO), информатика (IOI) және лингвистика (IOL) пәндері бойынша тағы үш ірі халықаралық олимпиадада ел намысын қорғайды.