Астанадағы №3 Балалар музыка мектебі 40 жылдық мерейтойын атап өтті

Бүгін, 11:56
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанадағы №3 Балалар музыка мектебі 40 жылдық мерейтойын атап өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада Ермек Серкебаев атындағы №3 Балалар музыка мектебінің ашылғанына 40 жыл толды. Айтулы күнге орай мектептің ұстаздары мен өнерпаз оқушылары «Тамыры терең сазды әлем» атты мерекелік концерт өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мерекелік кеш қазақ ұлт аспаптар ансамблінің оқушылар орындауындағы күмбірлеген күйімен ашылды. Әрбір орындалған туынды тыңдарманды ұлттық өнердің терең тамырына жетелеп, өнерпаз жас жеткіншектердің жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігін паш етті.

Қырық жыл ішінде мектеп мыңдаған шәкіртті өнер жолына баулып, тек ұлттық музыка емес, сонымен қатар классикалық және заманауи туындылардан тұратын бай репертуарды меңгерту арқылы шығармашылық әлеуетті дамытты.

«Білікті ұстаздар мен жас өрендерді бүгінгі айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Әр баланың өнерін қолдап келе жетқан ата-аналарға алғысымды білдіремін. Осындай талантты жастар – еліміздің жарқын болашағы. Баршаңызға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін!» – деді Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы.