Жылуды сақтайтын еңбек: Серік Гильмановтың энергетикадағы 26 жылдық жолы
Кейде адамның өміріндегі ұзақ жол әу баста үлкен жоспардан басталмайды. Серік Гильманов та оқшаулаушы болуды алдын ала таңдамаған. Кәсіпорынға маман қажет болып, жұмысқа кірген. Содан бері 26 жылдан астам уақыт өтті. Бүгінде оның еңбек жолының 15 жылдан астамы энергетика саласымен байланысты, ал 2010 жылдан бері «Астана-Теплотранзит» АҚ-да еңбек етіп келеді.
Еңбек күні қарсаңында Elordainfo.kz тілшісі елордадағы жылу желілерінің қалыпты жұмыс істеуіне өз еңбегімен үлес қосып жүрген маманның кәсіби жолына үңіліп көрді.
Серік Сүлейменұлының айтуынша, кез келген кәсіптің бастапқы кезеңі оңай емес. Оқшаулаушы жұмысының қыр-сырын меңгерген алғашқы жылдары оған тәжірибеден гөрі күн сайын жаңа нәрсе үйренуге деген ұмтылыс көбірек көмектескен.
«Бұл мамандыққа келген кезде оның осынша жылға созылатынын ойлаған жоқпын. Алғашқы кезде үйренетін нәрсе көп болды. Уақыт өте келе, жұмыстың өзіне бейімделіп, тәжірибе жинай бастайсың», – дейді Серік Гильманов.
Оның қазіргі жұмысының негізгі бөлігі – елорданың жылу желілеріндегі зақымданған учаскелердің оқшаулауын қалпына келтіру. Қарапайым тілмен айтқанда, мамандар жылу тасымалдайтын құбырлардың сыртқы қабатындағы оқшаулаудың бүтіндігін қамтамасыз етеді. Бұл жылудың босқа жоғалуын азайтуға мүмкіндік береді.
Яғни тұрғынның үйіндегі батареядан жылу сезілуінен бұрын, оның артында атқарылатын осындай көрінбейтін жұмыстар бар. Сол жұмыстың бірі – оқшаулаушы еңбегі.

Серік Гильманов бұл кәсіпте маманға көптеген қасиет қажет екенін айтады. Тәжірибе жұмыстың сапасын арттырса, дәлдік қателіктің алдын алады. Ал қауіпсіздік кез келген міндеттен жоғары тұрады.
«Бір нәрсені жақсы білу аздық етеді. Жұмыстың әр кезеңінде ұқыптылық керек. Кейде қол жетуі қиын жерлерде жұмыс істеуге тура келеді. Сондай сәттерде қалыптасқан тәжірибе де, ойлап шешім таба білу де көмектеседі», – дейді ол.
Энергетика саласында еңбек еткен жылдары оның алдында технология да, жұмыс тәсілдері де өзгерді. Бірақ маманның өзіне деген талабы өзгермеген, ол – жаңа нәрсені үйрену.
Осы ұстаным кәсіби еңбегінің бағалануына да әсер етті. 2016 жылы Серік Гильманов «Астана-Теплотранзит» АҚ-ның «Үздік маман» номинациясында марапатталды. Ал 2024 жылы энергетика саласына қосқан үлесі үшін «Құрметті энергетик» медалін иеленді.
«Марапат алған сәтте ең алдымен осы жылдардағы еңбегіңнің босқа кетпегенін сезінесің. Әрине, адамға өз жұмысының бағаланғаны жақсы әсер етеді», – дейді Серік Сүлейменұлы.
Бүгінде 26 жылдан астам еңбек өтілі бар маман өз кәсібіне жаңадан келетін жастарға да қарапайым кеңес береді. Оның пікірінше, жұмысшы мамандығының қадірі тәжірибемен ғана емес, адамның өз ісіне деген көзқарасымен қалыптасады.
«Жастарға ең бастысы тоқтап қалмауға кеңес берер едім. Үйренуден, ізденуден қорықпау керек. Қандай кәсіпті таңдасаң да, соны жақсы меңгеруге тырысқан дұрыс», – дейді ол.
Серік Гильмановтың еңбек жолы, осылайша, бір қарағанда кездейсоқ басталған мамандықтың жылдар өте кәсіби өмірдің маңызды бөлігіне айналғанын көрсетеді. Ал оның жұмысының нәтижесі кейде көзге көрінбейді – құбырдың сыртындағы оқшаулау секілді. Бірақ қаланың жылуы үзілмей жетуі үшін мұндай еңбектің маңызы зор.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін «Астана-Энергия» АҚ №2 жылу электр орталығының электромонтері Алтынбек Байқуатовтың еңбек жолы туралы жазғанбыз.