00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордада балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар жиналысы өтті

4 желтоқсан, 2024
Олжас Сүлейменов Олжас Сүлейменов
Елордада балалардың қауіпсіздігіне қатысты ата-аналар жиналысы өтті
Фото: Олжас Сүлейменов

Астанадағы №111 орта мектепте «Қауіпсіздік сағаты» қалалық жобасы шеңберінде өскелең ұрпақ арасында құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған ата-аналар жиналысы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мұндай ата-аналар жиналысы қаланың барлық мектептері мен колледжерінде оқу жылы бойы өткізіліп келеді.

«Мемлекет басшысы қауіпсіздік туралы Ұлттық құрылтайда және Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында да айтқан болатын. Себебі, бұл – үлкен проблема. Оның ішінде балаларға байланысты проблеманың ең үлкені – нашақорлық пен лудомания. Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық Аналар кеңесі вейпқа қатысты күрес жүргізді.

Салауатты қоғам құру үшін аналардың атқаратын жұмысы – соның ішінде ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу, рухани құндылық. Ұлтты сақтайтын тіл, діл және дін. Осы үш құрылымды да отбасы қалыптастырады. Оған жауапты ана», - деді ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі саясат бойынша ұлттық комиссияның мүшесі, ҚХА республикалық Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи.

Ата-аналар жиналысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудағы отбасының рөлі, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың белгілі бір түрлері үшін ата-аналардың жауапкершілігі және т.б. мәселелер көтерілді.

«Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу – бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала біздің болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Гүлсім Хасенова.

Сондай-ақ ата-аналарға балалар қауіпсіздігі, электронды темекі сатудағы шектеулер, балалардың түнгі уақытта көшеде жүру туралы және т.б. мәселелер бойынша сұрақтар қойылды.

Айта кетейік, жиналысқа 250-ге жуық ата-ана қатысты.