Тұрғындардың әлеуметтік қызметке сұранысы еселеп артты: Елордада бұл бағыт қалай дамып келеді?
Соңғы жылдары елімізде әлеуметтік саясаттың мазмұны айтарлықтай өзгерді. Бұрын әлеуметтік қорғау көбіне жәрдемақы төлеумен байланыстырылса, бүгінде оның ауқымы әлдеқайда кеңейді. Ендігі міндет азаматтың еңбекке араласуына мүмкіндік жасау, әлеуметтік тәуекелді азайту, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсету және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру. Басқаша айтқанда, әлеуметтік саясат адам өмірінің барлық кезеңін қамтитын жүйеге айналып келеді. Elordainfo.kz тілшісі осы саланың елордада дамуын және қала халқына әлеуметтік қолдау көрсетудің ауқымына шолу жасап шықты.
Бұл өзгерістердің нақты нәтижесі өңірлерде ерекше байқалады. Әсіресе халық саны тұрақты өсіп келе жатқан елордада әлеуметтік саланың жүктемесі жыл сайын артып келеді. Мұндай жағдайда әлеуметтік қызметтердің сапасын сақтап қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтеру маңызды міндеттің біріне айналды.
Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы осы бағыттағы мемлекеттік саясатты жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Басқарма жұмысының негізгі мақсаты – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, әлеуметтік осал топтарды қолдау және тұрғындарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету.
Бүгінде басқарма тұрғындарға 22 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Биылғы жылдың алғашқы бес айының өзінде 162 мыңнан астам мемлекеттік қызмет ұсынылған. Бұл бірнеше жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Мұндай өсім тұрғындардың әлеуметтік қызметтерге деген сұранысының артқанын, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен тиімділігінің де жақсарғанын көрсетеді.

Жұмыс – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі
Әлеуметтік саясаттың табысты болуы ең алдымен еңбек нарығындағы тұрақтылыққа байланысты. Өйткені тұрақты жұмыс азаматтың табыс көзі. Оның қоғамдағы белсенділігінің, өзіне деген сенімінің және отбасының әл-ауқатының негізі. Сондықтан Астана қаласында жұмыспен қамту мәселесі кешенді түрде қаралады. Мұнда жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына бейімдеу, жастарды жұмыспен қамту, халықтың әлеуметтік осал санаттарына қолдау көрсету бағытындағы бағдарламалар қатар жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар еңбек нарығындағы уақытша мәселелерді шешумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар ұзақ мерзімді әлеуметтік тұрақтылықты да қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда елордадағы жұмыссыздық деңгейінің 4,3 пайыз көлемінде сақталуы осы жұмыстың нақты нәтижесін көрсетеді. Бұл көрсеткіш республикадағы орташа деңгейден төмен. Оның үстіне соңғы бірнеше жылда жұмыссыздықтың тұрақты түрде төмендеп келе жатқаны байқалады. Еске салар болсақ 2022 жылы бұл көрсеткіш 4,5 пайыз болса, кейінгі жылдары 4,4 пайызға дейін төмендеп, бүгінде 4,3 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Мұндай тұрақтылық еңбек нарығындағы жүйелі саясаттың жемісі екенін аңғартады.
Жұмыспен қамту тек бос жұмыс орындарын ұсынумен шектелмейді. Ол азаматтарды жаңа еңбек жағдайына бейімдеу, кәсіби мүмкіндіктерін кеңейту және олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды да қамтиды. Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 1 маусымындағы көрсеткіш бойынша 7 590 адамға жұмыспен қамту шараларымен көмек көрсетілді. Оның ішінде 3 911-і жастар болуы ерекше назар аудартады.
Жастарды еңбек нарығына бейімдеу әлеуметтік саясаттың маңызды бағытының бірі. Өйткені еңбек жолын жаңа бастаған жастардың тұрақты жұмыс табуы олардың болашақ кәсіби дамуымен бірге жалпы қоғамның экономикалық әлеуетіне де әсер етеді. Сондықтан жастарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуі елорданың ұзақ мерзімді дамуына салынған инвестиция деуге болады.Қабылданған шаралардың нәтижесінде биылдың өзінде 3,6 мыңға жуық азамат тұрақты жұмысқа орналасты.
Жұмыспен қамту саласындағы тағы бір маңызды көрсеткіш – мемлекеттік қызметтердің сапасы. Бүгінде азаматтардың қажетті ақпарат пен қызметті жедел алуына басымдық беріліп отыр. Басқарма көрсететін 22 мемлекеттік қызметтің қолжетімділігі де артып келеді. Соның нәтижесінде биылғы бес айда көрсетілген мемлекеттік қызметтердің саны 162 515-ке жетті. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш небәрі 81 348 болған. Яғни төрт жыл ішінде көрсетілетін қызмет көлемі екі есеге жуық артқан.Бұл өсім халық санының көбеюімен ғана байланысты емес. Ең алдымен мемлекеттік қызметтердің цифрландырылуы, рәсімдердің жеңілдетілуі және азаматтарға қызмет көрсету сапасының жақсаруы өз нәтижесін беріп отыр.
Еңбек нарығындағы тұрақтылық пен мемлекеттік қызметтердің тиімді ұйымдастырылуы әлеуметтік саясаттың алғашқы әрі маңызды баспалдағы саналады. Өйткені тұрақты жұмысы бар азамат өз отбасының әл-ауқатын қамтамасыз етіп, қоғамның экономикалық дамуына да үлес қосады. Сондықтан жұмыспен қамту саласындағы жүйелі жұмыстар әлеуметтік тұрақтылықтың берік іргетасына айналып келеді.

Әлеуметтік қолдау – қиын кезеңдегі нақты демеу
Қоғамның әлеуметтік әл-ауқаты тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді. Кейде адам өмірінде күтпеген жағдайлар орын алып, тұрақты табысынан айырылуы немесе қосымша қолдауды қажет ететін кезеңдер болуы бек мүмкін. Осындай сәтте мемлекеттің басты міндеті азаматты қиындықпен жалғыз қалдырмай, оған уақытылы әрі тиімді көмек көрсету. Сондықтан қазіргі әлеуметтік саясаттың негізгі қағидаты – тек әлеуметтік төлем тағайындау емес, адамның қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау.
Астана қаласында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде басқарма жыл сайын шамамен 220 мыңға жуық азаматты әлеуметтік қолдау шараларымен қамтиды. Бұл – зейнеткерлер, соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, аз қамтылған отбасылар және түрлі өмірлік жағдайға байланысты әлеуметтік көмекке мұқтаж тұрғындар. Мұндай ауқымды жұмыс әлеуметтік қорғау жүйесінің халықтың күнделікті тұрмысымен тығыз байланыста екенін көрсетеді.
Әлеуметтік қолдау тетіктерінің ішінде атаулы әлеуметтік көмектің орны ерекше. Бұл көмек табысы кедейлік шегінен төмен азаматтарға көрсетіліп, олардың өмір сүру деңгейін тұрақтандыруға бағытталған. Биылғы жылдың өзінде осындай қолдаумен 1 091 отбасы, яғни 5 744 адам қамтылды. Бұл көрсеткіш бірнеше жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда азайғанымен, оны әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар санының артуы немесе кемуі ретінде ғана бағалау дұрыс емес. Керісінше, халықтың табысының артуы және жұмыспен қамту шараларының тиімділігі нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны біртіндеп қысқарып келеді. Бұл – әлеуметтік саясаттың басты мақсатының бірі. Яғни азаматтардың мемлекеттік қолдауға тәуелділігін азайтып, олардың тұрақты табыс табуына мүмкіндік жасау жолындағы оң өзгерістің белгісі.
Отбасыларды қолдау саясаты балалардың әл-ауқатын жақсартуға да ерекше көңіл бөледі. Өйткені баланың сапалы өмір сүруі – қоғамның болашағына салынған инвестиция. Осы мақсатта 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға қосымша төлем қарастырылған. Биыл жыл басынан бері бұл қолдау 964 отбасыдағы 1 891 балаға көрсетілді. Мұндай төлемдер жас баласы бар отбасылардың күнделікті тұрмысына елеулі қолдау болып, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Әлеуметтік қолдау тек ақшалай төлемдермен ғана шектелмейді. Кей жағдайда отбасының негізгі табысы коммуналдық қызметтерге жұмсалады. Егер мұндай шығындар отбасының ай сайынғы жиынтық табысының 5 пайызынан асып кетсе, мемлекет тұрғын үй көмегін ұсынады. Биыл бұл қолдаумен 484 отбасы, яғни 646 адам қамтылды. Бұл тетік әсіресе әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың қаржылық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Әлеуметтік саясаттағы тағы бір маңызды бағыт – азаматтардың қоғам өміріне белсенді араласуына жағдай жасау. Осы мақсатта қолданыстағы қағидаларға сәйкес мерекелік күндерге орай біржолғы ақшалай төлемдер төленіп, тегін әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Бұл шаралар белгілі бір санаттағы азаматтарға материалдық қолдау көрсетумен қатар олардың қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезіндіруге де ықпал етеді.
Бүгінде әлеуметтік қорғау жүйесі бұрынғыдай тек көмек көрсететін құрылым ретінде қарастырылмай, адамның өмірлік жағдайына қарай кешенді қолдау ұсынатын қызметке айналып келеді. Мұндай тәсіл азаматтың мәселесін уақытша шешумен шектелмейоның әлеуметтік жағдайын тұрақтандыруға бағытталған.

Қолжетімді орта және цифрлық әлеуметтік қызмет
Әлеуметтік саясаттың даму деңгейі көбіне мемлекеттің өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қандай мүмкіндік ұсынатынымен бағаланады. Егер әлеуметтік қолдау тек материалдық көмекпен шектелсе, оның тиімділігі де уақытша болады. Ал азаматтың қоғамнан өз орнын тауып, өзгелермен тең дәрежеде өмір сүруіне жағдай жасалса әлеуметтік саясаттың сапалық жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді. Соңғы жылдары Астанада дәл осындай қағидатқа негізделген жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Оның бір көрінісі – отбасы институтын нығайтуға бағытталған кешенді жобалар. Себебі кез келген әлеуметтік мәселенің бастауы да, шешімі де көбіне отбасымен тығыз байланысты. Осыны ескере отырып, 2019 жылдан бері елорда әкімдігі жанынан «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы жұмыс істеп келеді. Бүгінде бұл орталық кеңес берумен қатар өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты қолдау көрсететін әлеуметтік алаңға айналды.
Мұнда тұрғындарға психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіліп, әр отбасының жағдайына қарай жеке жұмыс жүргізіледі. Бұл тәсіл әлеуметтік мәселелерді ушыққаннан кейін шешуге емес, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Соның арқасында көптеген отбасы қажетті көмекті дер кезінде алып, қиын кезеңнен шығудың тиімді жолдарын табуда.
Қазіргі әлеуметтік саясаттың маңызды ерекшелігінің бірі – цифрлық технологияларды кеңінен енгізу. Бұл бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Жанұя» орталығының базасында іске қосылған «FSM Social» мобильді қосымшасы. Платформа түрлі мемлекеттік органдардың мамандары арасында ақпарат алмасуды жеңілдетіп, өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар мен отбасыларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Бұрын әлеуметтік көмек көбіне азаматтың өзі өтініш бергеннен кейін көрсетілсе, бүгінде цифрлық шешімдердің арқасында қолдауды қажет ететін адамдарды дер кезінде анықтап, тиісті көмекті жедел ұйымдастыруға мүмкіндік артып келеді. Мұндай тәсіл әлеуметтік қызметтердің тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды да жаңа деңгейге көтеріп отыр.
Инклюзивті қоғам қалыптастыру да әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі саналады. Бүгінде елордада 41 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың әрқайсысына жеке реабилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес қажетті әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бұл бағытта протездік-ортопедиялық көмек, арнайы жүріп-тұру құралдары, гигиеналық, сурдо және тифлотехникалық құралдар, жеке көмекші мен ымдау тілі маманының қызметтері, сондай-ақ санаторий-курорттық емдеу қызметтері қарастырылған.
Оңалту қызметтерінің сапасын арттыруда Әлеуметтік қызметтер порталының маңызы ерекше. Бүгінде бұл портал мүгедектігі бар азаматтар мен қызмет жеткізушілердің арасындағы бірыңғай цифрлық алаңға айналды. Оның көмегімен қызмет алушылар қажетті оңалту құралдары мен қызметтерді өз қажеттілігіне қарай таңдап, рәсімдеу жұмысын әлдеқайда жеңіл жүргізе алады. Бұл әлеуметтік қызметтердің ашықтығын арттырып, азаматтардың таңдау мүмкіндігін кеңейтті.
Әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігі мемлекеттік және азаматтық сектордың бірлескен жұмысы арқылы да нығайып келеді. Қазіргі таңда Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы өзіне қарасты 11 мекеменің қызметін үйлестіреді. Оның ішінде жеті ұйым арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Сонымен қатар бұл жұмыстарға үкіметтік емес ұйымдар да белсенді тартылған.
Осындай әріптестіктің нәтижесінде биылғы жылдың алғашқы бес айында арнайы әлеуметтік қызметтермен 7 655-тен астам мүгедектігі бар азамат қамтылды. Оның ішінде 3 790 адамға мемлекеттік мекемелер қызмет көрсетсе, 3 865 адам үкіметтік емес ұйымдардың көмегіне жүгінді.
Жалпы, әлеуметтік қорғау саласының бүгінгі даму бағыты адамға қолайлы орта қалыптастыруға негізделген. Қызметтердің цифрландырылуы, ведомствоаралық ықпалдастықтың күшеюі, отбасы институтын қолдау және инклюзивті қоғамды дамыту – осының бәрі әлеуметтік саясаттың жаңа кезеңге өткенін аңғартады. Мұндай тәсіл әрбір азаматтың өмірлік жағдайына дер кезінде ден қойып, қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін арттырып, қоғамдағы өзара сенім мен әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға қызмет етеді.