Референдум-2026

Астанада жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді

Бүгін, 12:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді
Фото: Оңалхан Өнерхан

«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында астаналық полицейлер жол қозғалысына қатысушылардың, оның ішінде жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуының алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру мақсатында тұрақты түрде рейдтер мен жергілікті профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Іс-шаралар барысында қаладағы адам көп жүретін жаяу жүргіншілер өткелдерінде рейдтер өткізіледі. Негізгі назар түсіндіру жұмыстарына, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға аударылады.

«Жыл басынан бері жаяу жүргіншілер жолдың жүру бөлігін белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 20 мыңнан астам рет әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Барлық құқық бұзушылармен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Елордадағы 19 жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілерге жол бермеу фактілерін автоматты түрде тіркейтін камералар жүйесі іске қосылған. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда ақпарат автоматты түрде тіркеліп, көлік жүргізушісі заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады», - делінген хабарламада.

Полиция азаматтарға жолды тек белгіленген орындардан, бағдаршамның рұқсат беретін сигналына өтіп, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеді. Себебі жолдағы тәртіп пен сақтық – барлық қозғалыс қатысушыларының өмірі мен қауіпсіздігінің басты кепілі.

Жаяу жүргіншілерге мынадай қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады: жолдың жүру бөлігіне шықпас бұрын көліктің толық тоқтағанына көз жеткізу; жолды кесіп өткен кезде, соның ішінде реттелетін және реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелдерінде құлаққап пен ұялы телефонды пайдаланбау; жол қозғалысы жағдайын мұқият бақылап, барынша сақ болу.

Полиция жолдағы қауіпсіздік әр азаматтың жауапкершілігінен басталатынын еске салады. Жол қозғалысы ережесін сақтау – өз өміріңді ғана емес, өзге адамдардың да өмірін қорғау.

Еске сала кетейік, Астанада 9 мыңнан астам электр скутері коммуналдық тұраққа қойылды.