Референдум-2026

Темірлан Мұқатаев: Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар

Темірлан Мұқатаев: Салауатты өмір салтын ұстаныңыздар
Фото: Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының жаңа есімдерінің бірі, жақында Индонезия астанасы Жакартада өткен 23 жасқа дейінгі Азия чемпионатының жеңімпазы Темірлан Мұқатаев Астана қаласының тұрғындарын Спорт күнімен құттықтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

«Спорт – шыңдалудың, тәртіп пен табандылықтың мектебі. Жастарды спортпен айналысуға, өз мақсаттарына жетуге және әрдайым алға ұмтылуға шақырамын.

Міне, биыл бес дүркін Азия чемпионы атандым. Құлаққа жақсы естіледі. Бірақ бұл атаққа жету жолында талай рет сүріндік, жығылдық. Бірақ тоқтамадық. Қаншама сөз естідік, бірақ оған мән бермедік. Әйтеуір, осы жылы Азияны бағындыруды бұйырыпты.

Енді толыққанды ересектер боксына ауысамын. Арман да, мақсат та көп.

Қазақстан спортының көкжиегі кеңейіп, жеңістеріміз көбейе берсін!» – деді Темірлан Мұқатаев.

Айта кетейік, Темірлан Мұқатаев құрлық чемпионаттарында бес рет топ жарған. Ол 2021 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында, 2022 және 2024 жылдары 86 келіге дейінгі салмақта жастар арасындағы Азия біріншілігінде, 2025 жылы 22 жасқа дейінгі спортшылар арасында 90 келіге дейінгі салмақта, сондай-ақ 2026 жылы 22 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.