Референдум-2026

Ел аумағына 125 текше метр залалданған ағашты кіргізуге жол берілмеді

Бүгін, 13:36
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Ел аумағына 125 текше метр залалданған ағашты кіргізуге жол берілмеді
Фото: АШМ

Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жалпы көлемі 125 текше метр болатын Ресей Федерациясынан әкелінетін қарағайдан жасалған қылқан жапырақты ағаш материалдарын ел аумағына кіргізуге жол бермеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде ағаш материалдарынан карантиндік маңызы бар қауіпті нысан – Monochamus тұқымына жататын қарағай сүрекқоңызының дернәсілдері анықталды.

Заң бұзушылық Абай облысының Семей қаласында әрқайсысының көлемі 40 текше метр болатын ағаш материалдары легін қайта тексеру барысында анықталды.

Тағы бір жағдай Астана қаласында көлемі 45 текше метр ағаш материалдары легін тексеру кезінде тіркелді.

Анықталған барлық факті бойынша зертханалық сараптама жүргізіліп, нәтижесінде қарағай сүрекқоңызы дернәсілдерінің бар екені расталды.

«Карантинге жатқызылған өнім иелеріне қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 400-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырылды. Материалдар мамандандырылған әкімшілік соттардың қарауына жолданды», - делінген хабарламада. 

Ауыл шаруашылығы министрлігі сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға карантинге жатқызылған өнімдерді ел аумағына әкелу кезінде карантиндік заңнама талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.

Еске салайық, бұған дейін ШҚО-да фитосанитариялық бақылау бекеттерінің жұмысы тексерілгені туралы жаздық.