Айым Мейіржанова: Көркем гимнастика мені ешқашан берілмеуге үйретті
Көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Айым Мейіржанова Спорт күніне орай спорттағы жолы мен көркем гимнастиканың өміріне әсері туралы айтып берді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Көркем гимнастиканы алғаш көрген сәтте оның күш пен әсемдікті үйлестіретініне тәнті болдым. Сол сәттен бастап осы спорттың бір бөлігі болуды шештім. Сырт көзге оңай көрінгенімен, әрбір элементтің артында мыңдаған сағаттық еңбек, қатаң тәртіп пен үздіксіз жаттығу жатыр.
Алайда көркем гимнастиканың маған ұнайтыны да – осы. Әрбір күрделі элемент пен қойылымды орындау ең алдымен өзіңді жеңуден басталады. Бұл спорт менің мінезімді шыңдап, қандай жағдайда да берілмеуге үйретті.
Бүгінде ұлттық құраманың мүшесі болғаныма қуаныштымын. Құрама сапында әлем және Азия чемпионаттарына, сондай-ақ түрлі халықаралық жарыстарға қатысып, елімнің намысын қорғауға мүмкіндік алдым.
Мұндай деңгейдегі жарыстарға қатысу – мен үшін ұмытылмас әсер. Ең басты арманым – көк туымызды биікке көтеріп, халықаралық додада Қазақстанның әнұранын шырқату.
Баршаңызды Спорт күнімен құттықтаймын» – деді Айым Мейіржанова.
Айта кетейік, 17 жастағы Айым Мейіржанова 2025 жылғы Азия чемпионатында күміс және қола медаль жеңіп алған. Сонымен қатар ол жасөспірімдер арасында Азияның екі дүркін чемпионы атанған.