Астана балуандары Германиядағы халықаралық турнирде үш алтын жүлде еншіледі
Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен өткен Grand Prix of Germany халықаралық турнирінде елордалық балуандар сәтті өнер көрсетіп, үш алтын жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
Айтулы жарыста алғашқы алтынды 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Айбек Айтбеков салды. Ол турнир барысында қарсыластарынан айқын басым түсіп, финалға сенімді жолдама алды. Шешуші белдесуде Германия өкілімен кездескен Айбек 9:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыс чемпионы атанды.
Екінші алтын жүлдені елорда қоржынына 67 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Бағдат Сабаз салды. Финалда ол Болгария өкілі Эдмонд Назарянмен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
Астана балуандарының жеңісті жолын 77 келіге дейінгі салмақта Мерей Мәулітханов жалғастырды. Ол ақтық сынға дейін қарсыластарына мүмкіндік бермей, финалға шықты. Шешуші белдесуде Мажарстан өкілімен кездесуі тиіс болғанымен, қарсыласы жарақатына байланысты бозкілемге шыға алмады. Нәтижесінде алтын жүлде Мерей Мәулітхановқа бұйырды.
Осылайша, Астана балуандары халықаралық додада үш салмақ дәрежесінде топ жарып, ел құрамасының жалпы нәтижесіне елеулі үлес қосты.
Жалпы, Қазақстан құрамасы 6 алтын, 4 күміс және 5 қола жүлде жеңіп алып, жарысты 15 медальмен қорытындылады. Бұл нәтиже ұлттық құрамаға турнирдің медальдық есебінде бірінші орын иеленуге мүмкіндік берді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан ауыр атлетикадан Азия чемпионатында жеті алтын медаль еншілегенін жазған едік.