Қазақстан мен Аустралия жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аустралияның Мёрдок университетінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту және Семей қаласында Аустралия университетінің филиалын ашу перспективаларын талқылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесуге Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Думан Орынбеков, Басқарма мүшесі – интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай, Мёрдок университетінің Жаһандық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары Саймон Джон МакКирди, Тамақ өнеркәсібін дамыту перспективалары институтының проректоры Питер Мостин Дэвис, сондай-ақ Мёрдок университетінің Дубай кампусының атқарушы директоры және стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба қатысты.
Кездесу аясында Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын іске асыруға, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ сарапшылар мен зерттеушілер алмасуға бағытталған.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу мүмкіндігі болды. Тараптар филиалды құру мен оның жұмыс істеу моделін, кадр даярлаудың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ бастаманы іске асыруға қатысты академиялық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады.
Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жоғары білікті кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру және білім беру үдерісіне халықаралық тәжірибені енгізу бар.
Мёрдок университетінің филиалын ашу Қазақстан мен Аустралия арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру және ғылыми тәжірибелер трансферіне, адами капиталды дамытуға және өңірдегі халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған перспективалы бастама ретінде қарастырылуда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, сондай-ақ Семей қаласында Мёрдок университетінің филиалын ашу мәселесін одан әрі пысықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.