ТЖМ өрт сөндіргішті қалай қолдану жолын түсіндірді
Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салып, өрт сөндіргішті дұрыс қолдану тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Өрт сөндіргіш – өртті бастапқы кезеңінде сөндіруге арналған алғашқы өрт сөндіру құралы. Өрт сөндіргіштердің бірнеше негізгі түрлері бар: Ұнтақты өрт сөндіргіш – қатты заттардың, жанғыш сұйықтықтардың, газдардың және кернеу астындағы электр жабдықтарының жануын сөндіруге жарамды;
Көбікті өрт сөндіргіш – қатты материалдар мен жанғыш сұйықтықтардың жануын сөндіруге арналған. Көмірқышқыл газды өрт сөндіргіш электр жабдықтары, техника және электр қондырғылары жанған кезде қолданылады. Өздігінен іске қосылатын өрт сөндіргіш температура көтерілген кезде автоматты түрде іске қосылады және ғимараттарды қорғау үшін пайдаланылады.
«Өрт сөндіргішті пайдалану қиын емес. Ол үшін пломбаны үзіп, сақтандырғыш штифін суырып алыңыз, шүмекті өрт ошағына бағыттай отырып, ағынды бір жағынан екінші жағына баяу жылжытыңыз. Ең бастысы, жалынды емес, жану ошағын сөндіру керектігін есте сақтаңыз», - делінген хабарламада.
Өрт сөндіргіш үйде, автокөлікте, жұмыс орнында, дүкенде немесе саяжайда қажет болуы мүмкін. Оны қолдану жөніндегі нұсқаулықпен алдын ала танысып шығыңыз және есте сақтаңыз: өрттің алғашқы минуттарындағы дұрыс әрекеттер ауыр зардаптардың алдын алуға көмектеседі.
Еске сала кетейік, ТЖМ табиғат аясындағы өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды.