Референдум-2026

Едіге Емберді: Спортта күн сайын өз-өзіңмен күресесің

Едіге Емберді: Спортта күн сайын өз-өзіңмен күресесің
Фото: Қанат Байұзақов

Ауыр атлетикадан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Едіге Емберді Спорт күніне орай спорттағы жолы туралы айтып, жанкүйерлерге ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Ауыр атлетиканың ең қызықты тұсы – күн сайын өз-өзіңмен бәсекелесу. Кеше көтере алмаған салмақты бүгін көтеру, кешегі рекордты жаңарту. Жарыстағы толқу, басқа спортшылар бағындыра алмаған зілтемірді көтеру – ұмытылмас әсер. Осындай сәттерде өзіңді сынап, мүмкіндігіңді көрсете аласың. Алайда бұл спорттың жауапкершілігі де өте жоғары.

Ауыр атлетикамен айналысу мені тәртіпке, сабырлылыққа және табандылыққа үйретті. Әр жеңістің артында тынымсыз еңбек жатыр. Жеңілістен кейін қайта тұрып, қателіктермен жұмыс істеуге дағдыландырады. Күнделікті өмірдегі мәселелерді шешуде де спорттың ықпалы зор.

Баршаңызды Спорт күнімен құттықтай отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын!» – деді Едіге Емберді.

Айта кетейік, Едіге Емберді ауыр атлетикадан жасөспірімдер және жастар арасында әлем чемпионы атанған. 2025 жылы алғаш рет ересектер арасындағы әлем чемпионатына қатысты.

Биыл отандасымыз күзде Қытайда өтетін лицензиялық әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды.